СІМ өкілі құлдыққа түскен бес отандасымыздың Мьянмадан қалай қашқанын айтып берді

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Мьянма мен Таиландтың арасында орналасқан "Алтын үшбұрыш" деген аумақта Қазақстан азаматтары жұмыс құлдығына түсіп, қашуға мәжбүр болғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Мьянмада құлдықтан қашқан қазақ жігітін елге қайтару үшін келіссөз жүргізіліп жатыр.

"Осыған дейін қанша рет ескерту айтып, ақпарат таратсақ та қазақстандықтар сол жаққа барып жатыр. Кейінгі ақпарат бойынша ол жақтан 5 Қазақстан азаматы анықталды", - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен брифингте.

Айбек Смадияровтың түсіндіруінше, биыл сәуірде бір адам Қазақстанның Таиландтағы консулына хабарласып, 5 қазақстандық Мьянмада құлдықта отырғаны туралы айтқан. Олар өз еркімен жұмыс істеуге барған. Осындай жағдайда бірнеше адамды құтқарған консулдың тиісті тәжірибесі бар. Ол аталған адамдарға құлдықтан босап шығу тәсіліне қатысты кеңес берген. Біздің азаматтарды ұстап отырған компания қос ел шекарасының маңында орналасқан. 

Қазақ жігіттері сол жердегі өзеннен өтіп, Таиландқа қашатын болып келіскен. Бірақ қашатын күні бұл туралы жарты сағат бұрын ғана консулға ескерткен. Ал консул Бангкоктан аталған шекараға жету үшін автокөлікпен 7 сағаттай жүруі керек.

"Қазақстан азаматтары компанияның аумағынан шыққан бойда компания өкілдері олардың ізіне түскен.Бесеуінің төртеуі өзеннен өтіп үлгерген, ал біреуі қалып кеткен. Компания күзетшілері оны ұстап алды", - деді СІМ өкілі.

Таиландқа өткен 4 адамға Қазақстан консулы көмектесіп, олар Бангкокке жетті. 3-4 күнде олар Қазақстанға оралады. Ал Мьянмада қалған адаммен бір аптадан бері байланыс жоқ.


"Сол компанияның басшылығына және күзетшілеріне хабарластық. Олар бізге нақты жауап бермеді. Қолда бар ақпаратқа сай, олар әр адамға 6 млн теңге сұраған. Қазір келіссөзді жалғастырып жатырмыз. Компания өкілдері жауап берсе, ол жігітті алып шығуға мүмкіндік болады", - деп түйіндеді сөзін Айбек Смадияров.
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: