Бітім жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7-де (Астана уақыты бойынша 11-де) басталды, ол Газа секторының солтүстігі мен оңтүстігінде жан-жақты атысты тоқтатуды, содан кейін кепілге алынған 240-тан астам адамның кейбірін босатуды көздейді, деп мәлімдеді SCMP.
Бітім басталғанға дейін атыс тоқтаған жоқ. Екі тарап та бітім соғыс қайта басталғанға дейін уақытша болатынын ұқтырды.
Бүгін Газаға қосымша көмек келе бастайды және жергілікті уақыт бойынша сағат 16:00-де (Астана уақыты бойынша 20:00) кепілге алынғандардың алғашқы легі, оның ішінде әйелдер босатылады. Төрт күн ішінде 50 адам босатылады, деді Қатар Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Маджед әл-Ансари Дохада.
Кепілге алынғандардың кем дегенде 35-і балалар, олардың 18-і ХАМАС шабуыл жасаған кезде 10 жаста немесе одан кіші болған.
Египет бітім басталғаннан кейін Газаға күн сайын 130 мың литр дизельдік отын мен төрт жүк көлігімен газ, бұған қоса 200 жүк көлігімен гуманитарлық көмек жеткізілетінін мәлімдеді.
Соғыс басталғанда Израиль Египеттен келетін аз мөлшердегі азық-түлік, су және дәрі-дәрмектен басқа барлық импортты тоқтатты. Жанармай тапшылығы бүкіл аймақта электр қуатын өшіруге әкеліп соқтырды, үйлер мен ауруханалар генераторларға тәуелді болып қалды, оның өзі жиі сөніп қалады.
Қатар өкілі журналистерге палестиналықтар Израиль түрмелерінен босатылады деп күтіліп отырғанын айтты.
"Бәріміз бұл бітім тұрақты бітімге қол жеткізу үшін кеңірек жұмыс бастауға мүмкіндік береді деп үміттенеміз", – деді Маджед әл-Ансари.
Израильдің жаппай бомболауынан ХАМАС-тың мәліметінше, 15 мыңға жуық адам қаза болды, одан да көп адам үйін тастап қашуға мәжбүр болды.