2024 жылы қазақстандықтар үшін Шенген визасының құны қымбаттауы мүмкін

Қазақстандықтар 2024 жылы Шенген визаларының қымбаттауына тап болуы мүмкін. Қазір Еурокомиссия Шенгенге тіркелу үшін алымды 12,5%-ға көтеру мүмкіндігін қарастырып отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Еурокомиссияның сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, Еуропалық Одақпен жеңілдетілген визалық режим туралы келісімге қол қоймаған мемлекеттердің азаматтары үшін Шенген визаларының құны 2024 жылдың басында 12,5% өсуі мүмкін.

Қазір Шенген визасының құны ересектер үшін 80 еуро, 6-12 жас аралығындағы балалар үшін 40 еуро. Бұл негізгі соманы ересектер үшін 90 еуроға және балалар үшін 45 еуроға дейін арттыру ұсынылады.

"Басқа елдермен салыстырғанда, Шенген аймағы үшін 90 еуро көлеміндегі визалық алым салыстырмалы түрде төмен болып қалады", - делінген құжатта.

Талқылауы 1 наурызға дейін жалғасатын жоба авторлары АҚШ, Австралия, Канада, Ұлыбритания және Жаңа Зеландияда виза құны Шенген аймағына қарағанда айтарлықтай жоғары екенін атап өтті.

Сонымен қатар Еурокомиссия ЕО-мен жеңілдетілген визалық режимі жоқ және Шенген аймағынан депортацияланған өз азаматтарын қайтару мәселесінде Еуропалық Одақпен ынтымақтасуға дайын емес елдердің көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ересек азаматтары үшін виза құнын көтеруді ұсынады. Жоба қабылданса, мұндай азаматтарға Шенген визасының құнын 135 немесе 180 еуроға дейін көтеретін ереже қолданылады (қазір сәйкесінше 120 және 160).

Қазақстанның Еуроодақпен оңайлатылған визалық режимі жоқ. 2023 жылы ЕО мен Қазақстан визалық режимді жеңілдету бойынша ресми консультацияларды бастау туралы келісімге келгені белгілі болды. Соған қарамастан, Қазақстан азаматтары Шенгенге өтініш бергенге дейін қосымша кеңес алуды қажет ететін елдердің тізімінде.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: