Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, азамат Н.М. 2024 жылдың 4 қыркүйегінде Бішкекте ұсталған. Одан травматикалық тапанша тәркіленді. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.
"Ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін анықтау және жолын кесуге бағытталған жедел-іздестіру іс шараларын ұйымдастыру барысында көзі жойылған Қ. Асанбектің (Қамчы Көлбаев) ұйымдасқан қылмыстық тобының белсенді мүшесі, Қырғызстанда "Киборг" деген лақап атпен танымал М.Н. М-ға қатысты деректер алынды", деп хабарлады Мемлекеттік комитеттегілер.
Ер адамға Қамчы Көлбаевпен және "Сапа" деген атпен танымал Балықшы қаласына "жауапты" азамат С.С-мен тығыз байланыста бола отырып, заңсыз қызметпен айналысты деген күдік келтіріледі. Атап айтқанда, ол "қылмыс әлемінің қазынасын" толықтыру және жекелей баю мақсатында тапаншамен қорқыту-үркіту, бопсалау арқылы өзгелердің қомақты қаржысы мен жылжымалы мүлігін заңсыз тартып алып келген.
Ұсталған адам тергеу изоляторына тоғытылған, тергеу шаралары жалғасуда.
Айта кетсек, 2024 жылы 4 қазанда Бішкекте Қамчыбек Көлбаевтың көзі жойылды. Қауіпсіздік күштері оның арнайы операция кезінде қарулы қарсылық көрсеткенін хабарлады. Осыдан кейін Қырғызстанда "тазарту" жұмыстары басталды. Көлбаевтың қылмыстық әрекетіне қатысы бар немесе оған демеушілік жасаған ондаған адам ұсталды.