Арада 15 жыл өткен соң Галустян Душанбеге ат басын тіреді. Ресейлік актердің бұл сапары әлеуметтік желіде үлкен наразылық толқынын тудырды. Осыған орай актер үндеу жолдауды ұйғарды. Видеода актер көрермендердің ар-намысына тиюі мүмкін бұрынғы рөлдері үшін кешірім сұрады.
Оның айтуынша, Душанбеге жасаған бұл алғашқы сапары оған мың жылдық тарихы мен мәдениеті бар Тәжікстан туралы үлкен ой салған.
Галустян өз сөзінде бұрын ойнаған рөлдеріне ерекше тоқталды.
"Егер менің бұрынғы жұмыстарым мен сомдаған рөлдерім біреуге ауыр тисе немесе менің Тәжікстанға келуімдегі қазіргі наразылыққа себеп болса, бұған шын жүректен өкінемін және сіздерден кешірім сұраймын. Бүкіл тәжік халқынан кешірім сұраймын", — деді Михаил Галустян.
Галустян сөз соңында Тәжікстан халқына қонақжайлылығы мен қонақтарға деген ерекше құрметі үшін алғыс айтты:
"Мен бұл сапарды ерекше жылылықпен еске алатын боламын".