South China Morning Post басылымының мәліметінше, Кларион-Клиппертон аймағында никель, кобальт және марганец сияқты маңызды металдардың қоры құрлықтағы белгілі қорлардың жалпы көлемінен де асып түсуі мүмкін.
Қазір бұл суасты жазығында пайдалы қазбаларды өнеркәсіптік жолмен өндіру басталған жоқ. Дегенмен Халықаралық теңіз түбі ұйымы осы аумақта барлау жұмыстарын жүргізуге 17 келісімшарт берген. Оның бесеуі Қытайға тиесілі.
Алайда қытайлық зерттеушілер тобының жақында жүргізген зерттеуі болашақта терең теңізде кен өндірушілер минералдық байлықтармен қатар, көптеген жұмбақ вирусқа да тап болуы мүмкін екенін көрсетті.
Зерттеушілер осы аймақтан алынған шөгінді жыныстардың үлгілерін зерттеп, 11 742 түрлі вирусты анықтаған. Олардың шамамен 11 662-сі ғылымға алғаш рет белгілі болып отыр.
Зерттеудің жетекші авторы Хоу Боуэн өткен айдың соңында бұл нәтижелердің маңызын атап өткен.
"Бұл нәтижелер полиметалл түйіршіктері таралған аймақтағы вирустардың экологиялық рөлін түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар пайдалы қазбаларды өндіру басталғанға дейін микробтық экожүйенің бастапқы жағдайын бағалауға негіз қалыптастырады. Бұл болашақта қоршаған ортаға әсерін бағалау үшін маңызды", – деп жазған ол.
Зерттеуде пайдаланылған 60 үлгі 2023 және 2024 жылдары барлау жұмыстарын жүргізуге келісімшарты бар Қытайдың Теңіз минералдық ресурстарын зерттеу және игеру агенттігі тарапынан жиналған.
Ғалымдар ақуыздар арасындағы байланыстарды талдау әдістерін пайдаланып, анықталған вирустарды теңіз суынан, мұхит шұңғымаларынан және гидротермалық орталардан бұрын табылған вирустар туралы деректермен салыстырған.
Зерттеу нәтижесінде осы аймақта анықталған вирустардың ақуыздық кластерлерінің шамамен 4%-ы ғана сыртқы деректер жиынтықтарының кемінде біреуінде кездесетіні белгілі болған. Бұл аумақта ғалымдар әлі тіркемеген вирустық топтар мен генетикалық ресурстардың бар екенін көрсетеді.
Зерттеушілердің болжамынша, бұл аймақтағы вирустардың өзіндік ерекшеліктері болуы мүмкін. Олардың эволюциясы ауыр металдарға бай әрі қолжетімді қоректік заттары өте аз ортада жүрген.
Бұған дейін Атлант мұхитында әлемнің кейбір бөлігін түбегейлі өзгертуі мүмкін үдерістер жүріп жатқаны хабарланған болатын.