Le Figaro басылымының мәліметінше, 2026 жылғы 18 қазанда, жексенбі күні ондаған тұрғын қоқыс қаптарын алып, Республика алаңындағы ескерткіштің айналасын және Сен-Мартен каналының жағалауын тазалаған.
Бұл аудандарда жаппай тәртіпсіздіктер болып, дүкендер мен басқа да нысандар тоналған. Париж мэрі Эммануэль Грегуар келтірілген шығынның ауқымы бұрын-соңды болмағанын мәлімдеді. Ол болған оқиғаны айыптап, қаланы қалпына келтіруге көмектесу үшін біріккен жүздеген тұрғынға алғыс айтты.
Тазалау жұмыстарына еріктілермен қатар қалалық қызметтердің қызметкерлері де қатысты. Грегуардың мәліметінше, түнгі сағат 03:00-ден бастап Париж көшелерінде тазалық жұмыстарына мыңнан астам маман жұмылдырылған. Бұл әдеттегі демалыс күндеріндегі көрсеткіштен үш есе көп. Тіпті еңбек демалысында жүрген кейбір қызметкерлер де жұмысқа шыққан.
Қалалық қызметтер жолдар мен тротуарларды тазалап, қираған заттардың қалдықтарын жинап, бүлінген қоғамдық орындарды қалпына келтіріп жатыр. Билік өкілдері қаланың бірнеше ауданында қатты зақымданған ғимараттар ар екенін хабарлады. Мэрдің айтуынша, әлі атқарылатын жұмыс көп. Соның ішінде сынған дүкен витриналарын жөндеу және бүлінген қалалық инфрақұрылымды қалпына келтіру қажет.
Алайда тұрғындардың бұл бастамасы әлеуметтік желілерде түрлі пікір тудырды. Кейбір қолданушылар еріктілерді қолдаса, енді біреулері көшелерді тазалау қалалық қызметтердің міндеті екенін айтты. Сондай-ақ олар билік қалалық инфрақұрылымды қорғау және кәсіпкерлерді алдын ала хабардар ету шараларын қарастыруы керек еді деген пікір білдірді.
Бұған дейін Францияда өмір сүру құнының қымбаттауына қарсы наразылық туындап, арты өрт қою, тәртіпсіздіктер мен тонауға ұласқаны хабарланған болатын.