"Су, су қайда". Ақтау әкімі мәлімдеме жасап, қала тұрғындарынан кешірім сұрады

Ақтау әкімі Ербол Ізбергенов су мәселесіне алаңдаушылық білдірген қала тұрғындарын сабырға шақырып, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қайырлы күн, құрметті қала тұрғындары!​

Қала аумағында су мәселесі бар екендігі баршаңызға белгілі. Сіздердің ол мәселе бойынша наразылықтарыңызды жақсы түсінемін және қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймын.​

Қалада су көлемінің жетіспеушілігі, су қысымының төмендігі, жоғарғы қабаттарға су жетпеу мәселелері бар. Оны жоққа шығармаймыз. Әсіресе жаз мезгілінде суды тұтыну көлемінің көбеюіне байланысты мәселе күрделенуде.

​Өздеріңізге белгілі, қаланы ауыз сумен "МАЭК" ЖШС қамтып отыр. Қысқы мезгілде тәулігіне тұтынылатын су көлемі - шамамен 34 000 м3 болса, жазда тәулігіне - 67 000 м3. Алайда "МАЭК" 52 000 м3 су көлемімен ғана қамти алатындықтан, біздегі дефицит - 15 000 м3.

​Қазіргі таңда осы мәселені шешу үшін жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Соларға қысқаша тоқталып өтейін.​2022 жылы 9 қабаттан биік үйлердің жоғарғы қабаттарына су жеткізу үшін 113 су сорғыш құрылғысы орнатылды. Бұл жұмыс әлі де жалғасады.

"МАЭК" аумағында қуаты тәулігіне 24 000 м3 су тұщыту қондырғыларын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. ​2023 жылы жобаны жүзеге асыруға 10 млрд.теңге мақұлданды.

"Каспий" су тұщыту зауытының өнімділігі тәулігіне – 20 000 м3, қазіргі таңда өнімділікті 40 000 м3-ке дейін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Зауыт бүгінгі күні Қарақия, Мұнайлы және Ақтау қаласының жылы жағажайын сумен қамтамасыз етуде.​"СК Строй Монтаж" ЖШС-ның инвестициясына қуаттылығы тәулігіне 20 000 м3 құрайтын су тұщыту зауыты салынуда. Жыл соңына дейін тәулігіне 10 000 м3 ауыз су өндіру күтілуде.

Қалада 464 шақырым ауыз су құбыры бар, оның 88%, яғни 386 шақырым тозығы жеткендіктен істен шығу фактілері артуда. Басты себеп - қаланың ауыз су жүйесінің қысымын реттейтін пунктердің немесе арнайы құрылғылардың болмауынан. Осыған байланысты “КЖСА” МКК Ақтау қаласы бойынша қосалқы көтергіш станцияларын орнататын боламыз.

Қазіргі уақытта сатып алу бойынша конкурс қорытындысы күтілуде.Құрметті тұрғындар, аталған мәселелерге барынша түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын! Оларды шешу үшін жұмыстар күн сайын жалғасуда.

​Сонымен қатар, суға қатысты сұрақтар бойынша мына байланыс нөмірлеріне кез-келген уақытта хабарласа алатындығыңызды жеткіземін: ​IKomek 109;"Каспий жылу, су арнасы" кезекші нөмірлері:60 53 16; 60 53 22; 60 53 18 (223).

Сондай-ақ, Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм чатына жаза аласыздар.

Ақтау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: