Мемлекет басшысының құттықтауы Ақорданың Telegram арнасында жарияланды.
"Құрметті Ұлттық Олимпиада комитетінің ұжымы! Баршаңызды Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің құрылғанына 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – елімізде ерекше орны бар ұйым. Сіздер олимпиада құндылықтарын дәріптеп, өскелең ұрпақты спортқа баулуға және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосып келесіздер. Соның нәтижесінде өрендеріміз талай байрақты бәсекеде табысты өнер көрсетіп жүр. Олар Олимпиада ойындарынан, әлем біріншіліктерінен және Азия чемпионаттарынан ел қоржынына жүздеген жүлде салды. Саңлақтарымыздың есімі әлемдік спорт жылнамасына алтын әріппен жазылды". Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы еліміз қысқы Азия ойындарын, Бүкіләлемдік универсиаданы, әлем және құрлық чемпионаттарын жоғары деңгейде өткізіп, жаһан жұртшылығының лайықты бағасын алғанын ерекше атап өтті.
"Мемлекет олимпиада қозғалысын дамытуға әрдайым баса назар аударады. Біз Халықаралық олимпиада комитетімен және басқа да беделді ұйымдармен ықпалдастықты нығайта береміз. Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіреп, абыройымыз асқақтай берсін! Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!". Қасым-Жомарт Тоқаев