"Жаңа Бюджет кодексі қоғам мен мемлекеттің барлық сұраныстарына жауап береді, Президент айқындаған үнемді және жауапты бюджет саясатының бағытын іске асыруға ықпал етеді және уақыттың сын-тегеуріндеріне жедел жауап беріп отыруға мүмкіндік береді", делінген Үкімет сайтында.
Бұл – бюджет жүйесі жұмысының, қаражатты қалыптастыру мен пайдаланудың және мемлекет міндеттерін қаржылық жағынан қамтамасыз етудің негізгі ережелерін, қағидаттары мен тетіктерін белгілейтін маңызды қаржылық құжат.
Құжаттың өзінің даму және жетілу тарихы бар. Мәселен, Қазақстандағы алғашқы Бюджет кодексі 2004 жылы шашыраңқы заңнаманы кодификациялау үшін қабылданды. Алғаш рет бюджетаралық қатынастар мәселелері жүйеленді, бұл бүкіл жүйенің қалыптасуы үшін маңызды тірек болды.
2008 жылы екінші кодекс қабылданды. Үш жылдық бюджетке көшуді және мемлекеттік жоспарлауды ескере отырып, ол нәтижеге көбірек бағытталған еді. Құжат жүйені реформалаудың жаңа кезеңіне айналды.
2023 жылы қолданыстағы жүйені уақыт сындарын (әлемдік саясаттың сын-қатерлері, жаңа экономикалық бағыт, реформалар) ескере отырып, қайта қарау қажеттігінен жаңа Бюджет кодексінінің әзірленуін Қазақстан үшін тарихи маңызды оқиға деп атауға болады.
Жаңа Бюджет кодексінің жобасымен жұмыс істеу үдерісі күрделі болды, әрі көп уақытты қажет етті, өйткені ол үшін жан-жақты талдау, озық әлемдік тәжірибелерді зерттеу керек болды. Халықаралық талаптарға сәйкестікті қамтамасыз ету және бюджеттік процестерді модельдеу мақсатында ХВҚ сарапшылары шақырылды. Новеллалар жұртшылықпен және бюджеттік процеске қатысушылардың өздерімен бірнеше рет талқыланды.
Бірқатар құжаттар талданды, атап айтқанда: қолданыстағы кодексге негіз болған Тұжырымдамалар (2007 және 2013 жж.), халықаралық ұйымдардың (ЭЫДҰ, Дүниежүзілік банк, ХВҚ) ұсыныстары, салық-бюджет саясатының елдер бойынша шолуларының нәтижелері, сондай-ақ Жоғары аудиторлық палата құжаттары қаралды.
Жаңа Бюджет кодексінің жобасы бұрын қабылданған 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына негізделді. Ол реттеу өрісін кеңейту және бюджеттік саясаттың фокусын бекітілген және нақтыланған параметрлерден барлық мемлекеттік қаржыны шоғырландыру негіздерін кеңейтуге дейін ауыстыру қажеттігін алдын ала анықтады.
Үкімет бес негізгі міндетті шешуі керек еді:
- салық-бюджет саясатының берік негізін құру;салық базасының есептілігін және жаңа Салық кодексімен сәйкестігін қамтамасыз ету арқылы мұнай емес кірістерді жұмылдыру;
- нәтижеге бағдарланған бюджетті және басқарудың жаңа құралдарын күшейту есебінен бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдаланудың тиімділігін арттыру;
- басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде бюджеттік процеске қатысушылардың және жалпы Үкіметтің есептілігін қамтамасыз ету;
- жүргізіліп жатқан реформалардың ережелерімен келісуді қамтамасыз ету, мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру;
- мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру жөніндегі әкімшілік реформа.
"Барлық міндеттер құжатта іске асырылды, қолданыстағы жүйемен сабақтастық принципі сақталды. Қазақстанның бюджеттік жүйесі жұмыс істеген жылдары үздік тәжірибе болған рәсімдер мен тетіктер сақталды. Бюджет кодексін реттеу өрісі кеңейтілді, мемлекеттік қаржыны басқару жөніндегі ережелер енгізілді. Олар мемлекеттік сектордың барлық қаржы ағынын талдау және салық-бюджет саясатының тиімді шешімдерін әзірлеу үшін негіз болады".
Ұлттық мемлекеттік басқару жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып, бірқатар рәсімді жеңілдетуге және оңтайландыруға мүмкіндік беретін блок бюджеті енгізілді. Индикативтіден бюджетті толық үш жылдық жоспарлауға көшу қамтамасыз етілді, мұнда шығыстардың негізгі базалық бөлігі (жалпы көлемнің шамамен 60%-ы) 3 жылға белгіленеді және жыл сайын қайта қаралмайды.
"Бұл бұрын қабылданған міндеттемелердің сабақтастығы мен орындалуы мәселелерін шешеді, сондай-ақ бюджеттік жоспарлау кезінде тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұл процесті оңтайландыру үшін өтінімдер мен бағдарламаларды біріктіретін сұрау түрінде жаңа құжат енгізілді".
Қазақстанның жаңа бюджеттік саясатына мемлекеттің, оның ішінде квазимемлекеттік сектордың ашықтығы мен есептілігі негіз болды.
БАҚ-та жариялауға болатын құжаттаманың тізбесі де кеңейтілді, бюджет жобасын, оның ішінде халықпен талқылау рәсімдері жетілдірілуде.