Қорғаныс министрлігінде Үкімет мүшелерімен және Парламент депутаттарымен өткен оқу курсы аяқталды

Мемлекет басшысы – ҚР Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының тапсырмасына сәйкес, Қорғаныс министрлігінде әскери қауіпсіздік пен қорғаныстың өзекті мәселелеріне арналған сабақтар өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оған министрлік басшылары мен Парламент палаталары бейінді комитеттерінің депутаттары қатысты. Сабақта ұлттық қауіпсіздік, қорғанысты жоспарлау және экономикалық қамтамасыз ету негіздері, жұмылдыру, ел аумағын жедел жабдықтау, ақпараттық қауіпсіздік, аумақтық және азаматтық қорғаныс мәселелері қаралды, делінген ведомство хабарламасында.

"Халықаралық қатынастар моделін және қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың жай-күйін ескере отырып, мемлекеттің қауіп-қатердің өсуі жағдайында және соғыс уақытында жұмыс істеуге дайындығын қамтамасыз ету ерекше маңызға ие. Әрбір басшы ұлттық қауіпсіздік жүйесіндегі өз ведомствосының рөлі мен орнын нық білуі тиіс", – деді Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов.


Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Курс дағдарыс жағдайларында, қауіп-қатердің өсуі кезінде, соғыс жағдайын енгізуде және жұмылдыруды жариялауда мемлекеттік органдардың мақсаттары мен міндеттерін айқындап берді.

Оқу курстары министрлер мен депутаттарға сабақта қарастырылған тақырыптардың маңызды аспектілерін талқылауға мүмкіндік беретін іскерлік, сындарлы жағдайда өтті. Әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері бойынша білімді арттыру практикасы жалғастырылатын болады. Келесі жылы облыс әкімдері осындай дайындықтан өтпек.

Курс соңында Қорғаныс министрі министрлер мен депутаттарға тиісті сертификаттарды табыс етті.

Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: