Өңірдегі дайындық режимі – жоғары деңгейде, ТЖ жою жөніндегі облыстық жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Вице-премьер Ақтөбе облысымен шекара аумағын тікұшақпен айналып өтті. Жем өзеніндегі зақымдалған бөгеттің жағдайына баға берді. Кеше оның бұзылуы салдарынан Құлсары қаласының екінші және үшінші учаскелері, сондай-ақ Жадырасын-2, Болашақ, Вахталық кент ықшам аудандары, Қарағай елдімекенін су басты, делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
6 сәуірдегі жағдай бойынша Атырау облысының үш ауданында күрделі су тасқыны жағдайы сақталуда, екі елдімекенге көлікпен қатынау мүмкін емес.
Құлсары қаласында 2,6 мың жеке тұрғын үй мен әкімшілік ғимарат су астында қалып, 5 сәуірден бастап қауіпті аймақтан 15 632 адам шығарылды. Халықты эвакуациялау жалғасуда.
Сурет: primeminister.kz
Сурет: primeminister.kz
Қазіргі уақытта жағалауды нығайту жұмыстары қарқынды жалғасуда, топырақ толтырылған 45,9 мың қапшық, 174,3 мың тонна инертті материал төселді. 5 сәуірде Каспий теңізіне қарай су өткізу қабілетін арттыру үшін Жем өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді, тағы бір рет мұз жару жоспарланған.
Әкімдік пен күштік құрылымдардың 600-ге жуық қызметкері, 148 техника, 2 жүзу құралы және 500 ерікті жұмылдырылды.
5 елдімекенде – Миялы, Жангелдин, Көздіқара ауылдық округтері, Аққора, Жасқайрат ауылдарында қауіп-қатер сейілді.