Сүт сусындарының табиғи сүттен қандай айырмашылығы бар немесе қаптамадағы ақпарат не үшін маңызды

2024 жылдың шілде айында "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігінің ("MOТҚҚҚ" ҚБ) өкілі Түркістандағы дүкендердің біріне тексеру жүргізу кезінде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен сүт өнімін анықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Түркістандағы дүкендердің біріндегі сөреден Қазақстанда жасалған (көлемі 1 л), майлылық массасы 3,2%, зарарсыздандырылған Айс сүті қазақстандық нарықтағы өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты тұтынушыларды хабардар ету мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында "құпия сатып алу" әдісімен сатылып алынды.

"Сүт Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Түркістан облысы бойынша Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК Түркістан қалалық бөлімінің аккредиттелген зертханасына кешенді зерттеуге жіберілді. 2024 жылдың 14 шілдесіндегі № 2024/544/112 зерттеу хаттамасында өнімнің жарамдылық мерзімі 2024 жылдың 3 маусымында аяқталғаны белгілі болды, яғни сатып алу кезінде өнім бір айдан астам мерзімге уақыты өткен! Сонымен қатар, өнімнің қаптамасында тамақ өнімдерімен жанасу кезіндегі қаптаманың мақсатын көрсететін пиктограмма болмаған", делінген тұтынушылар құқығын қорғаушылар хабарламасында.

Сүт өнімдері жарамдылық мерзімінің өтіп кеткеніне ерекше сезімтал болып келеді. Уақыт өте келе олар дәмін ғана емес, қауіпсіздігін де жоғалтады. Патогендік микроорганизмдердің сүтте белсенді түрде көбейе бастауы – денсаулыққа, әсіресе, балалар, қарт және иммунитеті төмен адамдар үшін ерекше қауіпті саналады.

"Сүт өнімдерін сатып алғанда әрқашан жарамдылық мерзімін тексеріңіз. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен сүт тағамнан улануға немесе ағза үшін одан да ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін", – дейді тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі сарапшы Жанна Биятан.

Сурет: Жанна Биятан

"Сөрелерден мерзімі өтіп кеткен өнімдерді кездестірген сайын бұл жай ғана стандарттарға сәйкес келмейтін өнім деп қабылдамауымыз керек. Бұл тұтынушылардың қауіпсіз және сапалы өнімге деген құқықтарын тікелей бұзу болып табылады. Бұл әсіресе, сүт сияқты тез бұзылатын өнімдерге қатысты ерекше қауіпті. Біз тұтынушыларды мұқиятты болуға шақырып, мұндай оқиғалар орын алған жағдайда хабарлау қажеттігін ескертеміз", – дейді Жанна Үрметханқызы. 

Сарапшы мерзімі өтіп кеткен тауарды сататын сатушыларға бизнес ауқымына қарай 30-дан 1600 АЕК-ке дейін (2024 жылы 110 760 теңгеден 5 907 200 теңгеге дейін) айыппұл салынуы мүмкін екенін еске салады.

Қаптамада қандай ақпарат қамтылуы керек?

Тамақ өнімдерімен жанасу үшін қаптаманың мақсатын көрсететін пиктограмманың болмауы Кеден одағының "Қаптаманың қауіпсіздігі туралы" 005/2011 техникалық регламентіне елеулі сәйкессіздік болып табылады. Бұл ақпарат сатып алушы қаптама материалдың сүт өнімдерін сақтауға және тасымалдауға қауіпсіз екеніне және улы заттар шығармайтынына сенімді болуы үшін қажет.

Сонымен қатар, өндіруші өндірілген күні мен жарамдылық мерзімін, тағамдық қоспалардың құрамы туралы мәліметтер, аллергендер мен сақтау әдісі туралы деректерді көрсетуге міндетті. Осы элементтердің бәрінің болуы – жай ғана формальдылық емес, тұтынушының сенімді ақпарат алуының және ықтимал қауіптерден қорғалуының кепілі.

Мерзімі өтіп кеткен өнім сатылса не істеу керек және олармен қалай күресуге болады?

Тұтынушы жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауарды айырбастауға немесе қайтаруға құқылы. Қазақстан Республикасының "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы"  заңына сәйкес, сатушы заң талаптарына сәйкес келмесе, тауарды айырбастауды қамтамасыз етуге немесе тауарды қайтарып беруге міндетті. Өтініш беру үшін растайтын құжаттарды – кассалық немесе сату түбіртегін ұсыну қажет.

Бұзушылықтар анықталса, оларды елемеуге болмайды: тиісті органдарға хабарласу тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және қауіпті өнімдерді сатуға жол бермеуге көмектеседі. Бұзушылықтарды дер кезінде анықтау және құзырлы органдарға бұл туралы хабарлау – тек өз құқығыңызды қорғауға ғана емес, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен және қауіпті өнімдердің басқа тұтынушыларға сатылуына жол бермеу.

Сауда нысанын жоспардан тыс тексеру жеке немесе заңды тұлғаның растайтын құжаттары бар өтініші түскен кезде ғана жүргізіледі. Растайтын құжат фискалдық немесе сату түбіртегі болып табылады. Өтінішке нысанның мекенжайын, шаруашылық жүргізуші субъектінің атауын және т.б., растайтын фотосуреттер мен бейнематериалдарды немесе өнімді сатып алу түбіртектерін көрсете отырып, нақты бұзушылық фактілерін қоса беру қажет.

Сатушыға тұтынушылардың тауарды және сауда орнының фото және бейнежазбаларын бұзушылықтың дәлелі ретінде пайдалануға қатысты құқықтарын шектеуге тыйым салынады.

"МОТҚҚҚ" ҚБ нарықтағы тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жұмысын жалғастыруда күнделікті тауарлар мен азық-түлік тауарларына ерекше көңіл бөледі, осылайша әрбір сатып алушы өзін қорғай алатын, өз құқығын білетін болады.

Материалды "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша 87054222739  байланыс нөмірі немесе Instagram-дағы OZPP.KZ парақшасы арқылы хабарласуға болады.


 

Түркістан Тұтынушылық бақылау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: