AliExpress-тің тауары Қазақстанға неге асықпай келеді

AliExpress-ке берген тапсырыс кемінде 20 күнде жетеді

Қытайдан келетін сәлемдеме неге бірден келмей, айналма жолмен жетеді? Қазақстан үкіметі мен AliExpress Ресей компаниясы арасында өткен кездесуде осы мәселе талқыланды.

Коммерциялық ұйым бұл мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынды. Соның бірі – тауарды Еуразиялық экономикалық одақ аумағына алымсыз тасуға рұқсат беру.

Екінші жолы – тауарды «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы арқылы жеткізу. Қазір Қытай Орта Азияға тауарларды Еуропа арқылы жеткізіп жатыр, бұған 60 күндей уақыт кетеді. Тапсырыс берушілердің тауарды сарыла күтуінің себебі осыда болып тұр.

sputnik.kz таратқан мәлімет бойынша, 2021 жылы қазақстандықтар AliExpress Россия платформасында 3,7 миллионнан астам тапсырыс рәсімдеген.

Сарапшылардың болжамына сүйенсек, жыл соңына дейін елімізге осы желі арқылы 10 миллион сәлемдеме жетеді.

Баспасөз қызметі атап өткендей, соңғы тұтынушыға жеткенге дейінгі тапсырыс құнының 50 пайызы жеткізу шығынына тәуелді. Осы тұрғыдан келгенде, сәлемдемелерді «Қорғас» арқылы жеткізу анағұрлым арзан болады. Оның үстіне бұл қазақстандықтарға ғана емес, Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыс елдері тұрғындарына да тиімді болар еді.

Сарапшылар мемлекет аралық экономикаға тікелей тәуелді бұл мәселені жуық арада шешу мүмкін емес, оған уақыт қажет деп отыр. 

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: