"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, кездесу бірінші кезекте жүктерді кедендік тазартуды жеделдету, сәйкестік сертификаттары, ветеринариялық сертификаттарды алу және отандық өніммен қамту мәселелері қаралды.
"Келесі аптадан жылдың соңына дейін алыс және жақын шетелден жүк келе бастайды. Қолданыстағы тәжірибе бойынша кедендік тазарту процесі, өкінішке қарай, ұзақ уақыт алады, бір аптаға дейін созылады. Процесті барынша тездетуде қолдау көрсетуді сұраймыз. Әсіресе, жоғарыда аталған жүк қабылдаушылар үшін: жасыл дәліздер, еркін қолжетімді ветеринариялық бақылаушылар, кеден және сертификаттау органдарынан құжаттарды жедел алуда көмек керек", – деді Әсет Машанов онлайн-кездесуде.
Бұл орайда қазақстандық өндірушілер Mcdonald's үшін өнімдерін жеткізуге дайын екенін айтты.
"Бірге жұмыс істеп көруді ұсынар едім. Бізде республикалық зертханалардың тексеруінен өткен жеке құс фабрикаларымыз бар, олар сапалы өнім ұсына алады. Логистика да арзанға шығады. Өндірушілерде барлық сертификат бар", – деді Құс өсірушілер одағының төрағасы Руслан Шәріпов.
Қазақстанның Сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников те кәсіпкерлердің ынтымақтастыққа дайын екенін айтты.
Еске салайық, 2022 жылғы 18 қарашадан бастап McDonald's (Food Solutions KZ ЖШС) Қазақстандағы мейрамханаларының жұмысын уақытша тоқтатқан еді. Бұған өнімді жеткізу бойынша проблема себеп болған. Компанияның баспасөз қызметі мейрамханалардың қашан ашылатынын нақты хабарламады.