Қасиетті Рамазан айы: оразаға қалай дайындалу керек

Биылғы ораза 23 наурызда басталып, 20 сәуірде аяқталады. Қасиетті Рамазан айына санаулы күндер қалды. Осыған орй "Арафат" мешітінің бас имамы, дінтану магистрі Бауыржан Есмахан Zakon.kz тілшісіне оразаның мәні неде және оған қалай дұрыс дайындалу керек екенін айтып берді.

Имам сөзін Рамазан айының мұсылмандар үшін маңызынан бастады.
"Мұсылмандар үшін Рамазан айының тарихи мәні зор. Осы айда Мұхаммед пайғамбарға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасиетті Құран аяттары түсе бастады, дәл Рамазан айында оған Алладан алғашқы хабар келді. Кейінірек бұл ай күллі мұсылман үшін бірлік пен рухани тазарудың символына, ал Рамазандағы ораза исламның бес парызының біріне айналды". "Арафат" мешітінің бас имамы, дінтану магистрі Бауыржан Есмахан

Имам Рамазан айының мұсылмандар үшін маңызы өз дінін танып-білуге ықпал ететіндігінде екенін атап өтті. Бұл айда мұсылмандар рухани кемелдік пен кішіпейілдікке ұмтылуы керек.

"Қасиетті Рамазан оразасы тек тамақтанудан бас тарту емес екенін, сонымен қатар Алланы жақынырақ танып, иманды нығайтуға көмектесетін рухани іс екенін түсіну керек". Бауыржан Есмахан

Оразаға қалай дайындалу керек?

Бас имамның айтуынша, Рамазан айына дайындық бірнеше аспектілерді қамтиды, соның ішінде физикалық және рухани дайындық. Ораза ұстамас бұрын, күндізгі аштық пен шөлге оңай төтеп беру үшін тән мен жанды дайындау маңызды. Бұған намаз санын көбейту мен Құран оқу әдетін жатқызуға болады. Сондай-ақ Алламен қарым-қатынасты нығайтып, басқаларға көбірек мейірім мен қайырымдылық танытуға тырысу керек.

Ораза кезінде қандай тағамдар тұтынған жөн?

Ораза кезінде мұсылмандар күні бойына жететін күш-қуат пен нәр беретін тағамдарды тұтынуы керек. Ауыз ашарға қандағы глюкоза деңгейін тез қалпына келтіретін тағамдарды жеу маңызды, өйткені ұзақ уақыт аштықтан кейін ағзадағы глюкоза деңгейі төмендеуі мүмкін. Сондықтан жеміс-жидек пен көкөніс, кептірілген жемістер, шырын сияқты оңай сіңетін көмірсуларды тұтыну ұсынылады. Сәресі кезінде ағзаға қуат беретін тағамдар жеген дұрыс.

"Тамақтану рационында жұмыртқа, сұлы жармасы, жаңғақтар, жарма сияқты қоректік заттарға бай тағамдардың болғаны жақсы. Сондай-ақ жеткілікті мөлшерде су ішуді ұмытпаңыз", - дейді имам Бауыржан Есмахан.

Жалпы, ораза кезінде майлы және қуырылған тағамдардан, қанттан бас тартып, пайдалы әрі құнарлы тағамдарды жеген жөн.


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: