Әлихан Смайылов Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Ариповпен кездесуінде "бұл ортақ күш-жігердің арқасында мүмкін болып отырғанын" айтты.
"Енді алға қойылған жоғары деңгейдегі міндеттерге сәйкес орта мерзімді перспективада өзара тауар айналымының көлемін 10 млрд долларға дейін ұлғайту керек", – деді Қазақстанның үкімет басшысы.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов қазақ-өзбек Үкіметаралық комиссиясының екіжақты өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін шешудегі ерекше рөлін атап өтті.
Өз тарапынан Абдулла Арипов екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту үшін әлеуеттің зор екенін айтты.
"Өзара саудада оң динамика байқалады. Экономиканың көптеген саласында өнеркәсіп кооперациясының маңызды жобалары іске асып жатыр. Өзбекстан сауда, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы мен су шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті. Жалпы біз бауырлас Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге мүдделіміз", – деді Абдулла Арипов.
Ташкентте өткен кездесу барысында тараптар бұған қоса қазақ-өзбек өзара іс-қимылының бірқатар өзекті мәселесін, оның ішінде сауда, өнеркәсіп кооперациясы, инвестициялық қызмет, энергетика, логистика, трансшекаралық су нысандарын пайдалану, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту және т.б. салалардағы бірлескен қадамдарды талқылады.