Ұлттық қордан бөлінетін трансферт мөлшері айқындалды

2023 жылы 5 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024 – 2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құжаттың ережелері Ұлттық қордың жинақ функциясын қамтамасыз ету жөніндегі Бюджет кодексінің талаптарын ескере отырып айқындалған.

Үкімет кепілдік берілген трансферттің мөлшерін екінші жыл қатарынан бюджеттік қағидалар бойынша айқындайды. Бұл ережелер Ұлттық қор қаражатының сақталуын қамтамасыз ету және оның валюталық активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі мақсатты орындауға ықпал етуі тиіс.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы әлеуметтік саланың шығыстары 2023 жылға қарағанда 1,4 трлн теңгеге ұлғайып, 9,9 трлн теңгеге жетеді деп болжанып отыр. Бұл қаржы әлеуметтік төлемдерді индекстеуге, бала күтімінің ақылы кезеңін 1,5 жасқа дейін ұлғайтуға, стипендияларды арттыруға, азаматтық қызметшілер мен педагогтерге еңбекақы төлеуге бағытталатын болады.

Сонымен қатар, экономиканың нақты секторын дамытуды қолдауға 2024 жылға 2,9 трлн теңге қарастырылмақ. Олар өңдеу өнеркәсібін дамытуға, өңірлерде жалғасып жатқан инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және қолдауға және т.б. салаларға бағытталатын болады.

Сондай-ақ Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін 2 трлн теңге кепілдендірілген трансферт сомасы айқындалды. 

Екінші заң жобасы аясында 2024 жылы республикалық бюджет түсімдерінің жалпы көлемі 20,4 трлн теңге сомасын құрайды. Соның ішінде кірістер 16,1 трлн теңгеге жетуі мүмкін.

Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: