Сарапшылар экономикалық өсім, инфляция, базалық сыйақы мөлшерлемесі туралы болжамға өзгеріс енгізді

ҚР Ұлттық банк сарапшылары қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижелерін жариялады. Базалық сыйақы мөлшерлемесі, инфляция және Қазақстан экономикасы өсімінің көрсеткіштерінде қандай өзгеріс болғанын Zakon.kz ұсынған материалдан таныса аласыздар.

Сауалнама нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты екі жылға арналған болжам 4,5% (2024) және 5% (2025) деңгейінде сақталып отыр. 2026 жылға арналған болжам 4,5%-дан 4,7%-ға дейін біршама өскен.

"2024 жылға арналған инфляцияға қатысты болжам көп өзгермей, 8,4%-ды құрады (алдыңғы болжам – 8,5%). 2025 жылға арналған болжам 6,5%-дан 7%-ға дейін, 2026 жылға болжам 5,7%-дан 6%-ға дейін өсу жағына қарай қайта қаралды". ҚР Ұлттық банкі

Сонымен қатар, сарапшылар барлық болжамды кезеңде базалық мөлшерлемені жоғарырақ деңгейде күтеді. 2024 жылға арналған күтулер 13,8%-дан 14%-ға дейін, 2025 жылға – 10,5%-дан 11,2%-ға дейін, 2026 жылға – 9%-дан 9,8%-ға өсті.

Сурет: ҚР Ұлттық банктің баспасөз қызметі

Ал биылғы сәуір айында мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары көп өзгеріске ұшырай қоймаған.

"Респонденттердің медиандық күтулері бойынша, 2024 жылы Brent маркалы мұнайдың 1 баррелі орташа есеппен 81 АҚШ доллары, 2025 және 2026 жылдары – 80 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасады". ҚР Ұлттық банкі

Сауалнамаға Қазақстан аумағында макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 11 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кіреді.

Қазақстан ҚР Ұлттық Банкі
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: