Президент аймақтарда академиялық артықшылық орталықтарын, сонымен қатар технопарктер, инжиниринг хабтары мен зертханалар ашуды тапсырды. Бұл ретте аймақтың ерекшелігімен қатар, ғылыми-технологиялық және экономикалық даму басымдықтарын ескеру маңызды.
"Ғылымды мемлекет тарапынан қаржыландыруға ғалымдар, нақтырақ айтқанда псевдоғалымдар «майшелпек» ретінде қарамауы керек екенін баса айтқым келеді. Қаржы гранттарының көбіне ғылыми маңызы, өзектілігі жоқ жобаларға берілетіні ешкімге жасырын емес. «Парасат» ғылыми холдингінде болған өкінішті жағдай – осының анық мысалы. Бөлінген қаражаттың бәрі құмға сіңген судай болды. Ал оның бұрынғы басшысы, химия ғылымдарының докторы Америка азаматтығын алып, отбасымен бірге елден кетіп қалды". Тоқаев
Оның сөзінше, еліміздегі зерттеу университеттерінің санын біртіндеп көбейту қажет. Шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу тәжірибесін жалғастыру керек.
"Сонымен қатар ғылыми-жаратылыстану, инженерлік-технологиялық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы мықты ғылыми орталықтар мен институттарды ашу жөніндегі кешенді жоспарды іске асыра бастаған жөн. Бұдан бөлек, қазіргі ғылыми-зерттеу институттары қызметінің тиімділігіне сараптама жасау өте маңызды. Жас ғалымдарға тартымды болу үшін институттардың жұмыс істеу тәсілдерін жетілдіру керек".Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент ғылыми кадрларды даярлаудың мәні зор екенін айтты. Бүгінде университеттердегі ғылыми зерттеу жұмыстарының негізгі қозғаушы күші – докторанттар. Әйтсе де олардың саны біздің жоғары оқу орындарында білім алушылардың 1 пайызына да жетпейді.
"Өкілетті органдарға докторантураға қабылданатындардың санын тиісті деңгейге жеткізуді тапсырамын. 5 мың жеткілікті цифр деп ойлаймын. Министрлік бұл мәселені қайта қарап, оның нақты саны мен санатын анықтауы және тисті шешім қабылдауы қажет", - деп тапсырма берді мемлекет басшысы.