Ақмола облысының оқушысы шетел университеттерінің бірден алты грантын жеңіп алды

Ақмола облысында 11-сынып оқушысы шетелдік жоғары оқу орындарының алты грантын жеңіп алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақмола облысы білім басқармасының мәліметінше, "Білім-инновация" лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Хайрушев Жарас осы оқу жылында АҚШ-тың 6 университетінің ( Widener university - 148 мың доллар; Michigan state university - 72 мың доллар; Arizona state university - 52 мың доллар,Loyola university Chicago - 84 мың доллар, Adelphi university - 100 мың доллар, George Mason university - 48 мың доллар ) грант иегері атанды.

Сондай-ақ АҚШ-тың және Канаданың 4 университетінен (Pennsylvania state university, University of Illinois Chicago, University of Toronto , University of Ottawa) арнайы шақырту алып отыр.

Жарас бала күнінен криминалист болуды армандапты. Криминалистика туралы түрлі фильмдер мен көркем әдебиеттер оқып, болашақ мамандығы туралы ізденуді 7-сыныптан бастаған. 2023 жылы лицейдің 11-сыныбында оқып жүріп, Coursera сайтындағы Сингапур университетінің "Криминалистика және криминальная психология" курсының тыңдаушысы атанады.

Қазіргі қоғамда қылмыстың өршіп тұрғандығы және оның алдын алу жолдары қандай деген сауал Жарасты бей-жай қалдырмады. Ол осы мәселе төңірегінде үнемі ізденіп, түрлі әдебиеттер оқып, 2022-2023 оқу жылы "How do people get on the path murder and violence" деген тақырыпта адамдардың қылмысқа бару себебі жөнінде ғылыми зерттеу жоба жұмысын жазған. Сондай-ақ ағылышын тіліндегі "World scholars cup" халықаралық олимпиадасына қатысып, 5 алтын, 1 куміс медаль иеленді.

"Үздіксіз дайындық пен табандылығының нәтижесінде Жарас IELTS сынағын 7 балға, SAT емтиханын 1200 балға тапсырып, өзі арман еткен криминалист мамандығы бойынша шетелдің белді оқу орындарында заманауи білім алу мүмкіндігіне ие болды", деп жазды Ақмола облысының білім басқармасы.


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: