ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеуінше, 1 АЕК-тен (3 450 теңге) асатын берешегі бойынша хабарлама жеткізілгеннен кейін 30 жұмыс күні өткен соң жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу үшін салық өкімдері қалыптастырылады. Олар 5 жұмыс күнінен кейін орындау үшін жеке сот орындаушыларына беріледі.
Сонымен қатар бюджетке салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімі өткен әр күн үшін бюджетке салықты төлеу мерзімі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап (4 сәуірден бастап) әр кешіктірілген күн үшін Ұлттық банктің базалық ставкасының 1,25 еселенген сомасында өсімпұл есептеледі.
"Осылайша, артық шығын мен проблемаларды болдырмау үшін салық берешегі болған жағдайда, салық пен өсімпұлды жеке сот орындаушыларына өндіріп алу үшін салық бұйрығын бергенге дейін (мамыр айының үшінші онкүндігіне дейін) төлеуді ұсынамыз", - деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.
Салық берешегінің бар/жоқтығы туралы ақпаратты e-Salyq Azamat → Электрондық қызметтер → Салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек қызметі → ЖСН енгізу бөлімінде мобильді қосымша арқылы тексеруге болады.