Журналистер Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) "Өңірлік экономиканың перспективалары: Таяу Шығыс және Орталық Азия" баяндамасының тұсаукесерінде Қазақстан Ресей импорты үшін орасан зор орынға айналғанын атап өтті. Осыған байланысты олар спикерден қосарлас санкциялар қаупі қаншалықты жоғары екенін сұрады.
"Елімізді еуропалық және америкалық санкцияларды айналып өту құралы ретінде қолдану жағдайларынан біз аулақ болуға тырысамыз. Сондықтан, импорт туралы айтатын болсақ, біз бұл арадағы айырма мен шекараны нақты айқындап көрсетуіміз керек: егер бізде импорт көлемі артып жататын болса, онда ол осының барлығы Ресейге параллель тұрғыда импортталады дегенді білдірмейді. Сондықтан, мысалы, егер біз Ресейге бағытталған экспортымыздың көлеміне қарасақ, онда номиналды сандарды көреміз, керісінше, 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы жылдық өсім жоқ екенін байқауға болады бұл арада". ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов
Бұл ретте ол Қазақстанның Ресейге бағыттаған экспортының құрылымы аздап өзгергенін мойындады. Мысалы, спикер шикізат экспортының қысқарғанын баса атап өтті.
Сонымен қатар, Ақылжан Баймағамбетов Қазақстанда дайын тауарлар импортының өсімі жүріп жатқанын айтты. Бірақ, оның айтуынша, бұл Қытайдан, АҚШ-тан келген тауарлар, олар ешқандай санкцияларға жатпайды.
"Саудада санкция жүріп жатқанда, біз мұндай құбылыстарды анықтап, оның жолын кесуге тырысамыз. Сондай-ақ біз мемлекеттік басқару тетіктері арқылы Қазақстан территориясы арқылы Ресей аумағына жақсы және жаман мақсатта қатар қолданылуы ықтимал тауарлар экспортын ауыздықтауға тырысамыз. Нәтижені талқылаған кезде, әрине аймақтың кез келген еліне қосарлас санкциялар сол елге де, бүкіл аймақ үшін де өте күрделі проблемалар тудырады деп санаймын. Себебі бұл машиналар мен жабдықтардың импортына тоқтау салады, сонымен қатар экономиканың өсімі мен өндірістің өсімінде үлкен қиындықтар туғызады", – дейді ол.
Баймағамбетов Қазақстан Үкіметі осы бағытта жақсы және сапалы жұмыс жүргізіп, елімізді санкцияларды айналып өту құралы ретінде қолдану жағдайларынан аулақ болуын қамтамасыз етуге барынша тырысып жатқанын жеткізді.