Өңірлер бойынша жалақы қаншалықты өсті

2024 жылдың екінші тоқсаны бойынша аймақтарда жалақы деңгейінде қандай өзгерістер бар, сондай-ақ ең жоғарғы жалақыны еліміздің қай өңіріндегі тұрғындар алады. Zakon.kz материалында.

Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша, Қазақстан Республикасы бойынша атаулы жалақының орташа мәні 2024 жылғы II тоқсанда 403 251 теңгені құрады. 2023 жылдың тиісті тоқсанына қарағанда өсім – 10,3%, нақты мәнде 1,7% өсті. Алайда, аймақтар мен экономикалық қызмет түрлері бойынша орташа жалақы деңгейі жалпыұлттық деңгейден айтарлықтай ерекшеленеді.

Мысалы, ең жоғары орташа айлық жалақы Атырау облысында тіркелген - 594 426 теңге, бұл 2023 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 3,67% - ға жоғары. Бұл ретте ағымдағы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда өңірдегі орташа жалақы 1,6% - ға төмендеді.

Екінші орында – Маңғыстау облысы - 579 838 теңге. Өткен жылдың ұқсас тоқсанымен салыстырғанда 9,15% - ға өсім бар. Ең жоғары орташа жалақы бойынша үздік үштікті Ұлытау облысы аяқтайды - 522 988 теңге немесе 2023 жылдың екінші тоқсанындағы көрсеткішпен салыстырған кезде + 10,23%.

Ең төменгі жалақы деңгейі Жетісу облысында - 300 393 теңге, бұл республикалық мәннен 25,5% - ға төмен. Ал, Солтүстік Қазақстан облысында орташа жалақы деңгейі - 297 303 теңге.

Қызмет салалары бойынша ең жоғары жалақы

Салалар бөлінісінде ең жоғары жалақы қаржы және сақтандыру қызметі секторы – 878 739 теңге немесе ел бойынша орташа көрсеткіштен 2,2 есе жоғары. Екінші орында – тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу, онда екінші тоқсандағы орташа жалақы 797 618 теңгені құрады. Бұл республика бойынша 97,8% -ға артық. Үшінші орынды 661 339 теңге көрсеткішімен байланыс және ақпарат саласы алады.

Ең төмен ақы төленетін салалар -ауыл, орман және балық шаруашылығы – 251 301 теңге, бұл орташа жалақыдан 37% -ға төмен. Сондай-ақ өнер, ойын-сауық және демалыс бойынша екінші тоқсандағы жалақы 260 949 теңгені құрады. Айтпақшы, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда осы салалардағы жалақы тиісінше 11,7% және 21,5% -ға өсті.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: