Микроқаржы омбудсман институты 2024 жылдың 21 желтоқсанынан бастап жұмысын бастайды.
"Оның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және дауларды сотқа дейін реттеуге көмектесу. Микроқаржы омбудсманы Қазақстандықтардың микрокредиттерге байланысты дауларын, оның ішінде мерзімі өткен берешекті реттеу мәселелерін және коллекторлық агенттіктермен дауларды қарайтын болады",- деп хабарлады ведомство.
Омбудсманның көмегіне микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) клиенттері – жеке тұлғалар ғана жүгіне алады. Оның қызметтері тегін. Ол сотқа жүгінбестен жанжалдарды шешуге ықпал ететін тәуелсіз төреші ретінде әрекет етеді.
"Омбудсманның шешімі қарыз алушы қабылдаған жағдайда микроқаржы ұйымы үшін міндетті түрде орындалуы тиіс және егер Тараптар өзге мерзім туралы уағдаласпаса, 30 күн ішінде орындалуы тиіс". Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі
Сондай-ақ, ведомство микроқаржы омбудсманының құзыретіне сотқа берілген немесе заңды күшіне енген сот актілері бар істер кірмейтінін атап өтті. Мұнымен қоса, дәлелденбеген мән-жайлармен немесе істің жаңа мән-жайлары болмаған кезде қайта жіберілген өтініштерді қарамайды.
2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда 220 микроқаржы ұйымы, 215 кредиттік серіктестік және 497 ломбард жұмыс істейді.
Бұған дейін 2025 жылға арналған әкімдіктердің қарыз лимиті бекітілгені хабарланған болатын.