Ол 2024 жылы Ұлттық қордың қаражатын басқару тиімділігінде оң өзгерістер болғанын жеткізді.
"Мәселен, Ұлттық қордың активтері өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға ұлғайып, 34,7 трлн теңгені құрады. Кепілдендірілген трансферт 2022 жылғы 4 трлн теңгеден 2024 жылы 2 трлн теңгеге дейін төмендеді. "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы бойынша 2024 жылы бір балаға есептелген сома 129 доллар 38 центті құрады. Екі жыл ішінде бағдарлама бойынша ақша аударымы 232 доллар 94 центті құрады", - деді Дәурен Темірбеков.
Оның айтуынша, өткен жылы тиімсіз игерілген бюджет қаражаты 371 млрд теңгені құрады.
"Бюджет қаражатын тиімді және толықққанды игергені үшін әкімшілердің жауапкершілігін арттыру үшін 73 лауазымды тұлға жауапқа тартылды, оның 67-сі – басшылық лауазымды атқарып жүргендер", - деп атап өтті Дәурен Темірбеков.
Бұған дейін Мәжілісте Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов Ұлттық қорға қатысты тәуекелдермен бөліскен болатын. Оның айтуынша, Ұлттық қорға ақша құятын компаниялар саны 8,5 есеге азайған.