Уәкілетті орган мен Ұлттық банк жүйелік маңызы бар банктің жағдайын реттеуге жұмсалған мемлекеттік қаражатты банктер мен Қазақстандағы бейрезидент-банк филиалдарының өтеуі туралы бірлескен шешім қабылдайды.
Өтелуге тиіс сома Үкімет немесе ұлттық басқарушы холдинг ұсынған залал мөлшері туралы мәлімет негізінде айқындалады.
Аталған сома жүйелік маңызы бар банктің акцияларын не осы банктің активтері мен міндеттемелері берілген тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алу бағасы мен сол акцияларды кейіннен жаңа инвесторға сату бағасы арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Уәкілетті орган өтелуге тиіс қаражат сомасының есебі негізінде бірлескен шешімнің жобасын әзірлеп, Ұлттық банкке жолдайды.
Шешімде мынадай мәліметтер көрсетілуі тиіс:
- өтелуі тиіс қаражат сомасы;
- шығынды өтеу туралы шешім қабылданған жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша банктер мен бейрезидент банк филиалдарының міндеттемелерінің жиынтық сомасы;
- әрбір банктің міндетті ақшалай жарнасының мөлшері;
- міндетті ақшалай жарнаны төлеу мерзімі.
Ұлттық банк ұсынылған материалдарды қарайды және ескертулер болмаған жағдайда бірлескен шешімнің жобасына қол қояды немесе ескертулерді жою үшін оны уәкілетті органға қайтарады.
Бірлескен шешім жобасын пысықтау қажет болған жағдайда, уәкілетті орган ескертулерді алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде жобаны пысықтап, оны Ұлттық банкке қайта жолдайды.
Бірлескен шешім жүйелік маңызы бар банктің немесе тұрақтандыру банкінің акцияларын Үкімет немесе ұлттық басқарушы холдинг жаңа инвесторға сатқаннан кейін 3 ай ішінде қабылданады.
Банктердің жүйелік маңызы бар банкті реттеу нәтижесінде туындаған залалды өтеу үшін төлейтін міндетті ақшалай жарналарының жылдық жалпы мөлшері банктер мен бейрезидент банк филиалдарының жиынтық міндеттемелерінің 0,2%-ынан аспайды.
Бір банк немесе бейрезидент банк филиалы үшін міндетті ақшалай жарнаның жылдық шекті мөлшері шығынды өтеу туралы шешім қабылданған жылдың 1 қаңтарынан бастап міндеттемелердің 0,2%-ы мөлшерінде белгіленеді.
Егер өтелуге тиіс қаражат сомасы банктер мен Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдары міндеттемелерінің жиынтық сомасының 0,2%-ы мөлшерінде белгіленетін міндетті ақшалай жарналардың шекті жылдық көлемінен асып кетсе, міндетті ақшалай жарналар өтелуге тиіс қалдық сома аталған көлемнен азайғанға дейін жыл сайын төленеді.
Уәкілетті орган залалды өтеу туралы шешім қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде банктер мен Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарына міндетті ақшалай жарнаның мөлшері және оны төлеу мерзімі туралы жазбаша хабарлама жібереді.
Өз кезегінде банк немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы хабарламаны алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде міндетті ақшалай жарнаның көрсетілген мөлшерімен немесе оны төлеу мерзімімен келіспейтіні туралы уәжді жауап беруге құқылы.
Міндетті ақшалай жарналар банктер мен Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын бейрезидент банктер филиалдары тарапынан Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында Бірыңғай қазынашылық шотына хабарлама келген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде аударылады.
Егер міндетті ақшалай жарнаны төлеу банктің немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының пруденциялық не макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді бұзуына әкеп соғуы мүмкін болса, олар жарнаны төлеу мерзімі аяқталғанға дейін уәкілетті органға оны төлеуді алты айдан аспайтын мерзімге кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу туралы өтініш беруге құқылы.
Міндетті ақшалай жарнаны кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу шарттарын, мерзімдері мен кестесін уәкілетті орган бекітеді. Қабылданған шешім туралы банкке немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалына бес жұмыс күні ішінде жазбаша хабарлама жіберіледі.
Бірлескен қаулы 17 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.