Журналистер бұған дейін басқарушы компаниялар конкурс негізінде іріктеліп, активтердің жекелеген кластарын басқаруға мандат алатыны туралы ақпарат жарияланғанын атай келе, бұл ретте іріктеу механизмі қалай болатынын түсіндіруді сұрады.
"Біз негізгі басқарушы ретінде портфельдерді бөлеміз. Ең салмақты, қаржылық тұрғыдан мықты кәсіби басқарушы командаларды, конкурс негізінде өз стратегиялары мен мүмкіндіктерін таныта алған жергілікті компанияларымызды шақырамыз. Олар осы активтердің белгілі бір көлемін өз басқаруына алады. Біз олардың табыстылық деңгейін тоқсан сайын, ай сайын қадағалап отырамыз. Егер сіз жақсы жоғары табыс көрсетсеңіз, бұл портфель сіздің басқаруыңызда қала береді. Егер табысыңыз төмен болса, онда портфельді алып қоюға, басқа басқарушыға беруге тура келеді", – деді Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, мұндай тәсіл Ұлттық қорды басқару кезінде де қолданылып келеді және ол өзінің жоғары тиімділігін көрсетіп отыр.
"Біртіндеп бастаймыз. Бұл – үлкен реформа. Өздеріңіз түсініп отырған боларсыздар, зейнетақы ақшасын басқарушыларға сеніп тапсыру және бұл үшін жауапкершілікті арттыру – өте маңызды міндет. Сондықтан бұл бағдарламаны жыл соңына дейін, тіпті келесі айдың өзінде бекітетін шығармыз. Содан кейін Парламентпен (Құрылтаймен) бірлесіп заңнамалық өзгерістерді әзірлейміз және, шамамен, 2027 жылдың соңына қарай бұл тәсілді тәжірибеде жүзеге асыра бастаймыз", деп сөзін түйіндеді Ұлттық банк басшысы.
Айта кетсек, 7 қыркүйектен бастап Қазақстанда міндетті жинақтарды инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) өткізіп берудің жаңа ережелері күшіне енеді.