Жол апатына куә болсаңыз не істеу керек: мамандар маңызды кеңес берді

Сурет: pexels
Мамандар жол-көлік оқиғасына куә болған жағдайда өзін қалай дұрыс ұстау керектігін айтты. Өйткені апат куәгері зардап шеккендерге көмектесіп, олардың өмірін сақтап қалуы мүмкін, деп хабарлайды Zakon.kz.

Денсаулық сақтау министрлігі жол-көлік оқиғасы болған жерге кездейсоқ тап болған адамның ең алдымен не істеуі керектігін түсіндірді.

Оқу-жаттығу орталығының дәрігер-нұсқаушысы Борис Сартаевтың айтуынша, көп адам жол-көлік оқиғасының кездейсоқ куәгері болуы мүмкін. Алайда зардап шеккен адамға қалай дұрыс көмектесу керектігін және оған зиян келтірмеу жолын бәрі бірдей біле бермейді.

Дәрігер жол апаты кезінде алғашқы көмекті дұрыс көрсету үшін әрекеттердің рет-ретімен орындалатын алгоритмін ұсынды.

Бірінші қадам – өз қауіпсіздігіңізді және апатқа ұшыраған адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Егер жол-көлік оқиғасына куә болсаңыз, алдымен көлігіңізді апат болған жерден 30-50 метр қашықтыққа қойыңыз. Апаттық жарықты қосып, осылайша жолмен өтіп бара жатқан көліктерден қорғаныс жасаңыз.

Есте сақтаңыз: жолдағы көліктердің жылдамдығы неғұрлым жоғары болса, көлігіңізді соғұрлым алысырақ қою қажет.

Көлігіңіздің алдына 30-40 метр қашықтықта "Апаттық тоқтау" белгісін қойыңыз.

"Егер жолда түнгі уақытта немесе көріну мүмкіндігі нашар жағдайда болсаңыз, айналаңыздағы адамдардың бірінен апат болған жерден 100 метр алға барып, жол жиегінен фонарь немесе ұялы телефонның жарығы арқылы белгі беруді сұраңыз", – деді нұсқаушы.

Одан кейін өрт шығу қаупінің алдын алу үшін аккумулятордың клеммаларын ажырату қажет. Апат болған жерде темекі шекпеңіз және от жақпаңыз.

Зардап шеккендердің жалпы санын анықтаңыз. 103 немесе 112 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақырыңыз. Қоңырау кезінде жол-көлік оқиғасының нақты орнын және зардап шеккен адамдардың санын айтыңыз.

Келесі қадам – зардап шеккен адамды тексеру. Егер қатты қан кетіп жатқанын байқасаңыз, оны сол жерде тоқтатуға тырысыңыз.

"Қатты қан кеткен жағдайда жараны таза матамен немесе бинтпен басып, көмек келгенше қысымды ұстап тұрыңыз", – деп түсіндірді дәрігер.

Адамның тыныс алуын және жалпы жағдайын бағалаңыз.

"Егер адам есін білсе және қалыпты тыныс алып тұрса, өміріне тікелей қауіп болмаса, менің кеңесім – медицина қызметкерлерін күтіңіз және жедел жәрдем келгенше зардап шеккен адамды қозғамаңыз. Сіз ауыр жарақатты байқамай, жол апатынан зардап шеккен адамның жағдайын одан әрі нашарлатып алуыңыз мүмкін", – деп атап өтті Борис Сартаев.

Зардап шеккен адамның үстін қолда бар заттармен жауып, жылы ұстаңыз. Егер адамның өміріне қауіп төніп, оны апатқа ұшыраған көліктен шұғыл шығару қажет болса, мұны өте абайлап жасау керек.

"Әдетте қарапайым адамның қолында омыртқаның зақымдалуы мүмкін бөліктерін, әсіресе мойынды бекітуге арналған арнайы құралдар болмайды. Мұндай жағдайда Раутек әдісін қолдануға болады", – деді маман.

Раутек әдісі – зардап шеккен адамды көліктен немесе қауіпті аймақтан шұғыл шығарып, қауіпсіз жерге көшіруге арналған тәсіл. Бұл әдіс құтқарушының физикалық күші зардап шеккен адамнан аз болған жағдайда немесе адам ес-түссіз жатқан кезде де тиімді. Оның негізгі мақсаты – шұғыл көшіру кезінде зардап шеккен адамның омыртқасын, әсіресе мойын бөлігін қорғау.

Раутек әдісін қалай орындау керек?

Алдымен адамның басын дұрыс бекітіп, ұстап алу қажет. Зардап шеккен адамға артқы жағынан немесе қапталынан жақындаңыз. Қолыңызды оның қолтығының астынан өткізіңіз.

Бір қолыңызбен оның сау қолының білегінен мықтап ұстап, қолын өз кеудесіне көлденең қойыңыз. Екінші қолыңызбен оның төменгі жақ сүйегін бекітіп, басын өз иығыңызға немесе кеудеңізге тіреңіз. Бұл мойынның күрт қозғалуынан қорғайды.

Келесі міндет – жарақат алған адамды көліктен шығарып, қауіпсіз жерге апару. Ол үшін адамды мықтап ұстап, өзіңізге қарай абайлап тартыңыз. Зардап шеккен адамды арқасымен алға қарай сүйреп, денесін өз денеңізге барынша жақын ұстауға тырысыңыз.

Тынысын тексеріңіз

Егер адам ес-түссіз болса және қалыпты тыныс алмай жатса, жүрек-өкпе реанимациясын (ЖӨР) бастаңыз: кеуде қуысына 30 рет басу → 2 рет дем үрлеу.

Кеуде қуысына 30 рет басқанда екі қолыңызды төстің ортасына қойып, басыңыз. Содан кейін мұрнын қысып, басын шалқайтып, аузына бір секундтан екі рет дем үрлеңіз.

Қазақстан
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Димаш Құдайберген қарындасының 25 жасқа толуына орай ерекше сыйлық жасады

Алматыда жаңа туған сәбиін тастап кеткен әйел ұсталды

Алматыда жеке үйдің дәретханасынан ер адамның денесі табылды

Атақты шорт-трекші Абзал Әжіғалиев спорттағы мансабын аяқтады

Қазақстанда алғаш рет Қазақ тазысы мен төбеті күні аталып өтіп жатыр