Дәрігердің айтуынша, сегіз сағат ұйықтау әрдайым жеткілікті немесе жақсы ұйқы дегенді білдірмейді. Ұйқысыздық түнгі уақытта шамадан тыс белсенді болудан туындауы мүмкін. Мысалы, кешкі асты тым кеш ішу, ұйықтар алдында смартфон пайдалану немесе түнде эмоцияға толы фильм көру ұйқыға кедергі келтіреді. Мұның бәрі адамның ұйықтауына көмектесетін мелатонин гормонының бөлінуіне әсер етеді.
Сонымен қатар әр адамның ұйқы режимі әртүрлі. Кейбір адамдар таңертең өзін жақсы сезініп, ерте жатып, ерте тұрғанды ұнатады. Ал басқалары кешкі уақытта белсендірек болып, жұмысқа қабілеттілігі артады. Бұл адамның хронотипіне байланысты.
"Біздің ұйқымыз дене температурасын, мелатониннің бөлінуін және ағзадағы күрделі зат алмасу, гормондық және ми процестерін реттейтін ішкі биологиялық сағатқа, яғни тәуліктік ырғаққа байланысты", – деді невролог.
Маманның айтуынша, ұйқы режимі осы ырғаққа сәйкес болған кезде адам жақсырақ демалады.
"Мәселе күнделікті өмірдегі кесте – жұмыс, оқу, демалыс күндері және тағы басқалары өзгерген кезде туындайды. Бұл ағзаны өзінің биологиялық уақытына сәйкес келмейтін уақытта ұйықтауға мәжбүр етеді", – деді Селия Гарсия Мало.
Оның айтуынша, адамның өз хронотипін түсінуі және ұйқы режимін табиғи биологиялық ырғағына барынша жақындатуы демалыстың сапасын жақсартуға көмектеседі.
Дәрігер тұрақты режим сақтауға кеңес береді: күн сайын шамамен бір уақытта ұйықтап, бір уақытта тұруға тырысу, ұйықтар алдында жасанды жарықты азайту және мүмкіндігінше ағзаның табиғи белгілеріне мән беру қажет.
Мұндай әдеттер ұйқының сапасын және оянғаннан кейінгі көңіл-күйді жақсартуы мүмкін. Невролог Селия Гарсия Малоның айтуынша, ұйқының сапасы адамның қанша сағат ұйықтағанына ғана емес, демалыс уақыты ағзаның физиологиялық тұрғыдан ұйқыға дайын болатын кезеңімен сәйкес келе ме, соған да байланысты.
Ескерту: мұндай материалдарды дәрігердің жеке кеңесі немесе диагнозы ретінде қабылдауға болмайды. Қандай да бір шешім қабылдамас бұрын маманмен кеңесіңіз.
Ұйқыға байланысты сапалы демалуға кедергі келтіретін басқа да мәселелер бар. Сомнолог бұдан әрі ұйқы сал ауруы (ұйқы параличі) не себепті пайда болатынын және денені басқаруды тезірек қалпына келтіруге не көмектесетінін түсіндірді.