Салық кодексінде кірістер мен мүлік туралы декларация (270.00-нысан) активтер мен міндеттемелер туралы декларация табыс етілген жылдан кейінгі жылдан бастап (Салық кодексінің 633-бабы) есепті салық кезеңінің 31 желтоқсандағы жағдай бойынша жыл сайын табыс етілетіні көзделген.
Естеріңізге сала кетейік, бірінші кезеңде 2021 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынған болатын. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл адамдар жыл сайын кірістері мен мүлкі туралы декларацияны (270.00-нысан) ұсынатын болады.
Жеке тұлғалар кірістері мен мүлкі туралы декларацияда мына ақпаратты көрсетуі тиіс:
күнтізбелік жыл ішінде алынған кірістер, оның ішінде шет елдерде алынған кірістер де бар;
салықтық шегерімдер;
мемлекеттік тіркеуге жататын, оның ішінде ҚР-нан шегінен тыс жердегі мүлікті сатып алу/иеліктен шығару / өтеусіз алу;
жиынтығында есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанында қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінен асатын сомадағы ҚР-нан тысқары жерлердегі шетелдік банктердегі банктік шоттардағы ақша;
есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша жеке тұлғаның меншік құқығындағы мүлкі: шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік тіркеуге (есепке алуға) жататын жылжымайтын мүлік; эмитенттері ҚР шегінен тыс жерлерде тіркелген бағалы қағаздар; ҚР шегінен тыс тіркелген заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі;
банктер және банк қызметі туралы ҚР заңнамасына сәйкес құрылған банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға берешекті қоспағанда, міндеттемелердің немесе талаптардың туындауына негіз болып табылатын шарт немесе өзге де құжат болған кезде жеке тұлғалардың басқа тұлғалар алдындағы дебиторлық/кредиторлық берешегі.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілгендер және олардың жұбайлары жыл сайынғы декларацияда бір жыл бойына, оның ішінде ҚР-нан тыс жерлерде мүлікті (пәтер, үй, жер учаскесі, автокөлік, бағалы қағаздар, инвестициялық алтын, тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі, туынды қаржы құралдары) сатып алуға шығыстарды жабу көздері туралы мәліметтерді көрсетеді.
Салық кодексінің 363-бабында табыстың мынадай түрлерін алған жеке тұлғалар жеке табыс салығын (ЖТС) есептеуді 240.00 нысанды салық декларациясын тапсырмай, кірістері мен мүлкі туралы 270.00 нысандағы декларациямен жүргізіледі:
мүліктік кіріс;
ҚР аумағынан тыс көздерден алған жеке тұлғалардың табысы;
салық агентінен емес табыс алатын үй жұмыскерлері;
шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдіктерімен, шет мемлекеттің консулдық мекемелерімен жасалған еңбек шарттары және (немесе) азаматтық-құқықтық шарттар бойынша табыс алатын ҚР азаматтары;
салық агенттері болып табылмайтын кәсіби медиаторларды қоспағанда, медиаторлар;
жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлғаның салық салуға жататын кірістері.
Дербес салық салуға жататын басқа да табыстарды алған жағдайда, жеке тұлға жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне толық көшкенге дейін 240.00 нысанды декларацияны ұсынуы қажет.
Декларацияны жеке тұлғалар тұрғылықты жері бойынша салық органына қағаз түрінде және «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы немесе cabinet.salyk.kz web-порталдағы Салық төлеушінің кабинеті арқылы электронды түрде тапсыра алады.