Ranking.kz-тің зерттеуінше, Қазақстанда 9,84 миллион әйел өмір сүреді. Бұл бір жыл бұрынғыдан 1,2%-ға көп. Мұндай көрсеткіш республика халқының 51,4%-ына тең.
Әйелдердің еңбек нарығындағы орны:
Қазақстанның еңбек нарығында әйелдердің салмағы зор. Мысалы, экономикалық белсенді халықтың 48,5%-ы әйелдерден тұрады. Сонымен қатар елдегі барлық жұмыспен қамтылғандардың 48,1%-ы және барлық қызметкерлердің 48,9%-ы – әйелдер.
Кәсіптегі орны:
Жеке кәсіпкерлікте де әйелдердің орны бар. Басшысы әйел жеке кәсіпкерлердің саны бір жылда 9,1%-ға өсіп, 2021 жылдың соңына қарай 625,1 мыңға жетті. Олардың жеке кәсіпкерлердің жалпы санындағы үлесі де жылына 47,4%-дан 49%-ға дейін өсті.
Жас қыз-келіншектер жеке кәсіпкерлікте де белсенді болып жатыр. Атап айтқанда, жетекшісі 29 жасқа дейінгі әйел болған белсенді жеке кәсіпкерлердің саны бір жылда 37,2%-ға өсіп, 88,7 мыңға жетті. Белсенді жас кәсіпкерлердің жалпы санындағы мұндай кәсіпкерлердің үлесі 43,4%-дан 46,4%-ға өсті.
Шағын және орта бизнес туралы айтатын болсақ, мұнда әйелдердің де салмағы бар. Әйелдер басқаратын ШОБ субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны 2021 жылдың басына қарай – 1,1 млн адам. Бұл көрсеткіш жалпы санның 31,1%-ына тең. Жалпы әйелдер кәсіпкерлігінің Қазақстанның жалпы ішкі өніміне қосқан үлесі шамамен 40%.
Оның үстіне, былтыр төртінші тоқсанда Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,9% болса, ерлер арасында бұл көрсеткіш 4,1%. Ал әйелдерде 5,1%.
Білім саласындағы орны:
Елімізде әйелдер ерлерге қарағанда әлдеқайда білімді деуге болады. Мысалы, елімізде әйелдер арасында жоғары оқу орындарына жалпы қабылдау пандемияға дейін 73,2% болса, ерлер арасында бұл көрсеткіш небәрі 61,1%. Зерттеуші мамандар арасында да 52,4%-ы әйелдер, ал қалған 47,6%-ы ерлер.