Бұл жолдау бұрынғы жолдаулардың бір де біріне ұқсамайтын, мазмұн жағынан үлкен реформа қамтылған жолдау болды. Абай облысының ашылатыны қуантып жатыр. Семей облысы жабылып қалды. Бұл халықтың қаншама жыл бойғы дерті, тілегі еді. Ұлылардың мекенінде Абай облысының ашылуы қуаныш, рухани жетістік деуге болады. Сонан соң Ұлытау. Ұлытау да – ұлылардың мекені. Ол жақта хандарымыз, тарихымыздың терең іздері жатыр. Жезқазғанның жеке облыс болатындай зор мүмкіндігі бар. Бұл да ел үшін үлкен қуаныш болды. Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет
Ақын Тоқаевтың Қапшағай қаласына Қонаевтың атын беру туралы ұсынысын қуана құптайтынын айтты.
Қапшағай – Қонаевтың тұсында салынған қаланың бірі. Оның облыс орталығына айналуы да жаңалық болды. Мұның бәрі географиялық-экономикалық жаңдайларды ескере отырып қабылданған шешім деп ойлаймыз. Жетісу облысының құрылуы, Талдықорғанның орталық болуы экономикалық және рухани жағынан, балаларды оқыту, мәдени, өндіріс саласынан болсын, әсіресе әлеуметтік саладан болсын, көптеген артықшылықтарға ие болады деп есептейміз. Мұны осы жайттар ескеріле отырып жасалған шешім деп білеміз. Ұлықбек Есдәулет
Ұлықбек Есдәулет «президенттің Конституцияға отыз өзгеріс енгізу туралы бастамасы – қолдайтын дүине» екенін атап өтті. Оның айтуынша, біздің Конституцияға жеке басқа табынушылықтың қолтаңбасы кіріп кеткен. Содан арылту керек.
Сонан соң тіліміздің мәртебесін көтеру жағы Конституцияға жаңадан қосылатын өзгертулерде ескерілуі керек деп ойлаймын. Мемлекеттік тілдің ресми тілмен тең дәрежеде қолданылуы деген нәрсе дұрыс емес.Ұлықбек Есдәулет
Оған қоса, қоғам қайраткері Жолдауда айтылған Ұлттық құрылтай құру туралы бастама да құптарлық жайт екенін айтып, оның маңызына тоқталып өтті.
Ұлттық кеңесті Ұлттық құрылтайға айналдыру деген – халықтық парламент деген сөз. Ұлттық кеңес ұлттың, халықтың арасындағы жұрттың талап-тілегін билікке жеткізуші ұйым ретінде құрылды. Енді ол ұйымға Ұлттық құрылтай статусының берілуі – оның мәртебесін жоғарылату әрі беделін күшейту. Халықтың билікке өтетін сөзі болуы керек. Осы жағынан алғанда президенттің бұл жолдауы өзінің кең тынысымен, кең құлашымен ерекшеленді және халықтың президенттің маңында топтасынуы әсерін тигізеді деп ойлаймын. Ұлықбек Есдәулет
Ұлықбек Есдәулет қазір облыс ашылған өңірлердің жұрты қуанып, бірін бірі құттықтап жатқанын айта келе, «бұл Наурыз мерекесінің алдындағы президенттің халыққа жаңажылдық тартуы болды деп есептеймін» – деп, ойын түйіндеді.