Монополиясыздандыру және ықтимал шығынды өтеу мақсатында Алматы әкімдігіне компания иелерінен «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС-нің 70% мөлшеріндегі үлесін және «Alan Parking» ЖШС-нің 100% үлесін қала меншігіне қайтару туралы ұсыныс түсті.
«Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС бірыңғай оператор ретінде қаланың 5 ауданында (Алмалы, Бостандық, Жетісу, Медеу, Түрксіб) орналасқан тротуар тұрақтарына қызмет көрсетуге маманданған. Әкімдікке осы ЖШС - нің 30% тиесілі.
«AlanParking» ЖШС 3 ауданда (Алатау, Бостандық, Жетісу) орналасқан алаңдағы автотұрақтарға қызмет көрсету жөніндегі бірыңғай оператор болып табылады. ЖШС толығымен жеке меншікте болды.
Алматы әкімдігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жоғарыда көрсетілген компаниялардағы үлестерді қайтару туралы тиісті қаулы қабылдады. Бүгінде ақылы тұрақ жүйесі штаттық режимде жұмыс істейді. Қаулыға сәйкес, ақылы тұрақтар қызметінен түскен барлық кіріс ағымдағы жылдың 25 сәуірінен бастап қала бюджетіне бағытталатын болады.Алматы әкімдігі
Қазір Алматы әкімдігі қаланың тұрақ аймағын ұйымдастыру жөнінде бірыңғай оператор құру бойынша жұмысты бастады. Қолданыстағы заңнамада белгіленген рұқсат беру құжаттарын алу мерзімдерін, сонымен қатар монополияға қарсы органдармен келісу қажет екенін ескере отырып, бірыңғай оператор 2022 жылғы 1 тамызға дейін құрылады.
Алматы тұрғындарының шағымдары негізінде сервис сапасын арттыру мақсатында ақылы тұрақтар жұмысын жетілдіру үшін кешенді шара қабылданады.
Алматыда ақылы автотұрақ жүйесі алғаш рет 2016 жылы енгізілді. Жоғарыда аталған компаниялардың ақпараты бойынша, ақылы тұрақтардан қаржы айналымы жылына орта есеппен 1,4 млрд теңгені құрады.
Қазір компания басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды және бюджет қаражатын ұрлаумен байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.