Бұл туралы ақпарат Елшіліктің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды.
Қытай тарапымен әртүрлі деңгейде өткізілген тұрақты келіссөздердің нәтижесінде Қазақстан азаматтары үшін ҚХР-дың белгілі бір санаттағы визаларын рәсімдеуді қайта бастау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.Қытайдағы Қазақстан елшілігі
Виза Қытай Халық Республикасының Нұр-Сұлтан қаласындағы Елшілігі мен Алматы қаласындағы Бас консулдығында беріледі.
ҚХР визалары мына талаптарға сай келетін Қазақстан азаматтарына беріледі:
Орталық және мемлекеттік органдардан, провинциялық сыртқы істер кеңселері мен сауда департаменттерінен, ірі кәсіпорындардан немесе муниципалды халық үкіметтерінен ресми шақыру алған тұлғалар.
Қытайдағы құзырлы органдардың келісімімен жұмысқа рұқсат алған тұлғалар, «Z» санатындағы виза алушылар шақыру хаты болмаса да өтініш бере алады.
Қытайға жұмыс істеуге оралған қазақстандықтардың отбасы мүшелері шақыру хаты болмаса да туыстықты дәлелдейтін құжаттар негізінде виза алуға өтініш беруіне болады.
Қытай азаматтарының шетелдік отбасы мүшелері және Қытайда тұрақты тұратын шетелдіктер отбасымен қосылуға өтініш бере алады немесе туыстығын дәлелдейтін құжаттардың негізінде Қытайға келуге виза алуына болады.
Елшілік қытай тарапы 2022-2023 оқу жылына қазақстандық студенттердің Қытай аумағына келіп оқуларын жалғастыруы бойынша өзара тығыз ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.
Студенттерге оқу визасын рәсімдеу үшін «жасыл дәліз» (жеңілдетілген тәртіп бойынша) ашу туралы келісімге қол жеткізілді.Қытайдағы Қазақстан елшілігі
Бұдан бөлек, Қытай тарапынан азаматтардың құжаттарын консулдық заңдастыруға қабылдау бойынша келісім алынды. Өтініш берушілер алдымен тиісті құжаттардың сканерленген топтамасын Нұр-Сұлтандағы ҚХР Елшілігінің немесе Алматыдағы ҚХР Бас консулдығының электрондық поштасына жіберуі қажет (ҚР азаматының төлқұжаты, ҚР Сыртқы істер министрлігі куәландырған құжаттар, толтырылған сауалнама және т.б.). Электрондық поштаға жіберілген құжаттардың топтамасы дұрыс болса, тиісті консулдық алымды төлеп, құжаттардың түпнұсқасын консулдық бөлімнің мекенжайына жіберу керек.
Құжаттарды қарау мерзімі – 7 жұмыс күні.