Оқу және тәрбие процесінде тәрбиеленушілердің денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың қызметкерлеріне қатысты 9 әкімшілік іс қозғалды.ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
Жантүршігерлік оқиға елордалық «Сати» балабақшасында тіркелді.
Әлеуметтік желілерде «Сати» жекеменшік инклюзивті балабақшасының тәрбиешілері баланың жылағанына назар аудармай, бүлдіршіндерді бұрышқа тұрғызып, оларға физикалық күш қолданып жатқанын көрсететін видео тарады. Тексеру нәтижесі бойынша балабақша меңгерушісіне әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ мектепке дейінгі мекеме тиісті ескерту хатынсыз жұмыс істегені анықталды.ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
Нұр-Сұлтандағы Majorik балабақшасы да ескерту хатынсыз жұмыс істеген.
Оның басшылығына қатысты әкімшілік іс қозғалды.ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
Елордадағы басқа мектепке дейінгі ұйымдарда да балаларға қатыгездікпен қарау фактілері анықталды.
«Еркетай» балабақшасында тәрбиешілер баланы әжетханаға қамап тастаған, соның салдарынан бала дене жарақатын алған. Lily орталығында бала басқа баланы ұрып-соққан, бірақ тәрбиеші жағдайға еш көңіл аудармаған. «Алан» балабақшасында тәрбиеші баланы ұрып-соққандықтан жұмыстан шығарылды. BOTAQAN-2020 ЖШС-да аутизм диагнозы бар егіздердің денесінен тістің іздері табылса, Baby Boom NurSultan балабақшаларында балалар қолдарын күйдіріп алған. Осыған ұқсас келеңсіз оқиғалар басқа балабақшаларда да анықталды.ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекованың айтуынша, «қазір балабақша жұмысын бастап, балаларды қабылдауы үшін кәсіпкерлердің уәкілетті органға хабарлама жолдауы жеткілікті».
Олардың одан кейінгі қызметін ешбір мемлекеттік орган реттемейді. Соның салдарынан соңғы жылдары мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың құқықтарын бұзу фактілері көбейді. Олардың кейбіреулерінде тәрбиешілер балаларға дұрыс қарамайды, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмайды, онымен қоса қызметкерлердің біліктілігі де көңіл көншітпейді. Майра Мелдебекова
Министрлік өкілі «сол себепті Оқу-ағарту министрлігі балабақшаларға лицензия беру тәртібін қайта енгізуге бастама жасап отырғанын» айтты.
Бұл жерде жекеменшік ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік балабақшалар да лицензия алады. Меншік нысанына қарамастан балабақшалар ерекше тәуекел аймағына жатады. Балалар ерекше қорғауды қажет етеді, олар жасына байланысты шағым жасай алмайды және бұзушылықтар туралы да айта алмайды.Майра Мелдебекова
Оның сөзінше, «лицензияны енгізу мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалардың толыққанды өсуі мен дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға ең төменгі талаптарды белгілеуге мүмкіндік береді».
«Көптеген адал кәсіпкер мен жекеменшік балабақшалар қауымдастығының өзі бұл бастаманы қолдап, лицензия беру мектепке дейінгі ұйымдар жұмысының сапасын арттыру құралдарының бірі екенін түсініп отыр», – деді Майра Мелдебекова.