Алматы қалалық полиция департаментінің Жедел басқару орталығының кезекші бөлімі таратқан мәлімет бойынша, 16 қараша таңғы сағат 8:00-ден 17 қараша күні таңғы сағат 8:00-ге дейін Алматы қаласында 136 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 26 жол-көлік оқиғасында зардап шеккендер бар, қайтыс болғандар жоқ. Жай күндері (ауа райы күрт нашарламаған күндерде) қалада 70-80, кейде 100-ге дейін жол-көлік апаты тіркеледі. Бұдан соңғы тәулікте жол-көлік оқиғасының көбейгенін байқауға болады.
Алматы полициясы көлік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырды.
"Бұл үндеу негізінен қаупі жоғары көлік басқаратын қала жүргізушілеріне арналады. Біз оларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, көлік жүргізу мәдениетін танытуға және мұқият болуға шақырамыз. Бұл үндеу қазір өте өзекті әрі қала көшелеріндегі қайғылы оқиғалардың алдын алуға көмектеседі", – Алматы қалалық полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ержан Ұзабаев.
Ол сондай-ақ көлік иелеріне дөңгелегін қысқы дөңгелекке ауыстыруға кеңес берді.