"Хабар 24" телеарнасының хабарлауынша, Жетесовтер әулеті балаларды да өнерге баулып жүр.
"Өзім 6 жасымда жетім қалған жігітпін. Шешем марқұм 37 жасында қайтыс болып кетті. Содан жолдасым екеуміз келісіп, сол балаларды өнерге, өмірге тәрбиелеп жатырмыз. 10% талант, 90 % еңбек деген. Сол балаларды еңбекпен өсіріп келе жатырмыз". Өмірхан Жетесов, Ақтөбе облысының тұрғыны
Балалардың бірі шаңқобызды, енді бірі жетігенді меңгерген. Соның арқасында өңірлерді аралап, түрлі байқауға қатысып, топ жарып жүр.
"Мен домбыра тартамын. Домбырада жыр, дәстүрлі ән-күй орындаймын. 8 жасымнан бастап тарта бастадым. Болашақтағы арманым - жыршы болып, көптеген сайысқа қатысу. Балалар үйі еш уақытта отбасының орнын баса алмайды". Темірхан Жетесов, музыкант
Алмагүл Ешпанова да осындай пікірде. Сондықтан ата-ана жылулығына зәру жандарды бауырына басып, қамқорлық жасауды құп көрген.
"21 баласы бар ана болып Ақтөбеде тұрып жатырмын. Оның 18-ін бауырға бастым. Балаларымның бәрі керемет. Өнерге тәрбиеледік. Өмірге тәрбиеледік. Әйтеуір біздер болмасақ, басқа да қазақ жұрты болмаса, бұл балаларға кім қарайды!?" Алмагүл Ешпанова, Ақтөбе облысының тұрғыны
Қазір балаларының алды үйленіп, тұрмыс құрған, ал ең кішісі 10 жаста.