Непалдағы ұшақ апатқа ұшыраған жерде адамдардың мәйітін іздеу жалғасып жатыр. Осы уақытқа дейін төрт жолаушы туралы ешқандай мәлімет жоқ. Бүгінге дейін 68 мәйіт табылған және бортта барлығы 72 адам болған.
Олардың төртеуі - экипаж мүшесі. Ешкім аман қалмаған. Жолаушылардың ішінде Непал, Үндістан, Корея, Англия, Франция, Аргентина тұрғындары, сонымен бірге Ресейдің төрт азаматы болды.
Ресей азаматы Елена Бандуро кейінгі айларда Қазақстанда тұрған және ресейлік әуе компанияларының бірінде SMM-маман боп қашықтан жұмыс істеген. Ол Непалға азаматтық некедегі күйеуіне бара жатқан және жүкті болыпты. Өткен аптада ғана туыстарына бұл хабарды айтқан. Бұл туралы "Комсомольская правда" басылымына марқұмның әпкесі айтып берген.
Еске салайық, жексенбіде, 15 қаңтарда Непалда жолаушылар отырған ұшақ апатқа ұшырады. The Kathmandu Post-тың хабарлауынша, апат Похара қаласының халықаралық әуежайында болған. Ұшақ Yeti Airlines әуе компаниясына тиесілі.
Ұшақта қазақстандықтар болмаған. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.