Қарағандының 85 жастағы тұрғыны көлігімен күніне екі сағат адамдарды тегін тасып жүр

Қарағандының 85 жастағы тұрғыны Әстәби Бұлқанов көлігімен күніне екі сағат адамдарды тегін тасиды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның "Ваз-2101" көлігі 1970 жылы шыққан, өзі 1979 жылы сатып алған. Бұл - белгілі "Жигули" маркасының ең алғаш шыққан түрі. Әстәби Бұлқанов оны сатқысы да, айырбастағысы да келмейді. Көлігімен күніне екі сағат адамдарды тегін тасиды. Бұл туралы "Хабар 24" телеарнасы хабарлады.

"Боранды күндері автобусқа бармайсың, аялдама алыс. Сондай кезде осы кісіге барамыз. Бұл кісі көршіміз. Қысылғанда кез келген жерге апарып тастайды, бұлдамайды, ақысын берсең - алмайды, сол рақметімізді айтамыз да кетеміз". Қала тұрғыны Мұрат Құсайын

Әстәби Бұлқанов көлігінің бүге-шүгесіне дейін біледі. Анда-санда қала тіршілігінен жалыққан кезде ауылға барады. Ал көлігі Қарағанды мен Қарқаралының арасындағы шұрық-тесік 200 шақырым жолды да оңай жүріп өтеді екен.

Сурет: видео скрині

"Бұның ерекшелігі бояу екі рет жүргізілген, қазіргілерде бір рет қана. Батпақ судан ұшып соғады ғой, сонда бояуы кете қоймайды. Пеші өте қайнатып тұрады. 44 жыл болды, барлық сайманы өзінікі, тек аккумуляторын айырбастап тұрамыз". Зейнеткер Әстәби Бұлқанов

Әстәби Бұлқановтың 4 баладан немере мен шөбере сүйіп отыр. Жақындары жаңа көлік алып беру бастамасын талай көтерген екен. 

Немерелері де "Ата, мынаны сатып жібер, жаңасын алайық" деп талай айтты. Қимайды, көзіндей көреді.  Осының қай жері сынса да, соны велосипед жөндегендей ғып жөндеп алады. Жасыратыны жоқ, бұл біз үшін құтты машина, осымен осы үйге талай келін келді. Талай құдалықтарға бардық". Әстәби Бұлқановтың ұлы Тәуіржан Бұлқанов

Әстәби Бұлқанов еңбекке ерте араласып, 17 жасында көлік жүргізуді үйренген.  Содан бері біраз техниканы айдаған. Ол алдағы уақытта ақ жигулиін ретро-көліктер тізімінен көргісі келеді.

Қазақстан Қарағанды
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: