Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады. Оның сөзінше, майдангерлер жан аямай қорғаған азаттық, әділдік, теңдік құндылықтары Әділетті Қазақстан үшін де мызғымас темірқазық болып қала береді, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! 

Бұл – еліміздің тарихында айрықша орны бар мереке. Сондай-ақ бейбітшілік пен бостандық үшін күрескен аға буынның жанқиярлығын, қажымас қайраты мен ерік-жігерін әйгілейтін мейрам. 

Сұрапыл соғыс жылдарында отандастарымыз қайсарлық пен қаһармандықтың теңдессіз үлгісін танытты. Майданға аттанған жауынгерлеріміздің тең жартысы ұрпақтың болашағы үшін жанын пида етті.

Жеңіске тыл еңбеккерлері де өлшеусіз үлес қосты. Олар ел басына күн туғанда халқымыздың жұдырықтай жұмыла білетінін ерен еңбегімен дәлелдеді.

Соғыста опат болған боздақтарымыздың рухына тағзым етіп, ардагерлерімізге лайықты құрмет көрсету – біздің перзенттік борышымыз.

Біз бүгінгі бейбіт өміріміз үшін жеңімпаз аға буынға қарыздармыз. Олардың өшпес ерлігі – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Майдангерлеріміз жан аямай қорғаған азаттық, әділдік, теңдік құндылықтары Әділетті Қазақстан үшін де мызғымас темірқазық болып қала береді. 

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!

Ардагерлеріміз аман болсын!

Жеңіс күні құтты болсын!", - деді Тоқаев.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазір Ресейде жүр

Ол Ресей Федерациясына сапарын Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ірі шайқастар болған Ржев округіндегі тарихи жерлерге барудан бастады. 

Мемлекет басшысы 100 және 101-дербес атқыштар бригадасының құрамында соғысқан қазақстандық жауынгерлерге арналған мемориалдық кешенге гүл шоғын қойды.

Мұнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ржев округі Трубино деревнясындағы бауырластар зиратына гүл шоғын қойды. Мемлекет басшысы Ржев түбіндегі сұрапыл шайқас кезінде қаза тапқан және із-түзсіз жоғалған боздақтардың рухына тағзым етті.

Бұл жерде 2 мыңнан астам сарбаз жерленген. Олардың қатарында Президенттің ағасы  – Қасым Болтаев та бар.

Одан кейін Мемлекет басшысы Тверь облысына жасаған сапары аясында Ржевтегі совет солдатына арналған мемориалға гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. 

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: