Талғар ауданы тұрғындары Үлкен Алматы айналма жолын салушылардың үстінен шағымданды

Үлкен Алматы айналма жолының (ҮААЖ) 66 шақырымын пайдалануға беру шамамен 15 маусымға жоспарланған. Бүгін, 25 мамырда жергілікті билік пен жол салған компания ірі автомагистральға жақын орналасқан Талғар ауданының бірнеше ауылы тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Кездесуге ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Бақтияр Жамбыл, "ҮААЖ Инвестициялар және операциялар" ЖШС жолды пайдалану және ұстау жөніндегі басшысы Нұрланбек Өмірбаев және Талғар ауданының әкімі Таңат Айбарбеков қатысты.


Сурет: Zakon.kz


Нұрланбек Өмірбаев 15 маусымда алты жолақты трасса бойынша көлік қатынасы іске қосылатынын атап өтті. 66 шақырымға бірыңғай жылдамдық режимі орнатылады: 120 км/сағ. Автомагистраль толығымен ақылы болады. Бұған дейін билік барлық автокөлік иелері мен тас жолға іргелес жатқан ауылдардың тұрғындары үшін тариф қандай болатынын айтқан болатын. Мәселен, Іле, Талғар және Қарасай аудандарының тұрғындары үшін Алматы және басқа өңірлердің тұрғындарына қарағанда жолақысы бірнеше есе аз болады.

Алайда, жылдамдық пен айналма жолдың барлық артықшылықтарына қарамастан, ауыл тұрғындары үшін жергілікті шенеуніктер мен басқарушы компанияға қояр көптеген сұрағы бар болып шықты. Адамдар ұзақ мерзімді құрылыстан кейін жұмысшылар артында тонна қоқыс қалдырып, тіпті оны тазарту ниеттері жоқ екенін айтып наразылық білдірді.

Сондай-ақ бүгінде ауыр техника ары-бері жөңкілген ауылішілік жолдардың да жағдайы мәз емес. Барлық шұрық тесік. Енді мұндай жолдармен жүрудің өзі де мүмкін емес. Оған назар аударып жатқан ешкім жоқ. Жергілікті тұрғындар осыдан кейін мұндай учаскелерде жол апаты көбейетіндігіне сенімді.

"Өзіміз салған жол болған. Қазір барлығы ойдым-ойдым болып жатыр. Ауылдың кіреберістері быт-шыт, адам шошиды. Ондай жолмен жүру мүмкін емес. Бұл мәселелер қашан шешіледі? Біз жол салған компанияға айтсақ, олар әкімдікке жөн сілтейді. Әкімдік бюджетте ақша жоқ екенін айтып, кері ҮААЖ басшылығына сілтеме жасайды. Ақыры бұл мәселені өз бетімізше шешу керек боламыз ба деп қауіптенемін", – деп шағымданды Қызылқара ауылының тұрғыны Рустам Ойнаров.


Сурет: Zakon.kz


Шенеуніктер жағдайды бажайлап, жақын арада бұзылған жолдарды кім жөндейтінін шешуге уәде берді. Бүгін кездесуде тек кейбір мәселелер ғана айтылды. Жергілікті тұрғындар ірі трасса іске қосылғаннан кейін де көп даулы мәселелер туындайтындығына сенімді.

Шенеуніктер мен басқарушы компания оптимистік көзқараста. Олар трассаның ашылуы Алматыдағы көлік ағынын азайтып, сондай-ақ атмосфераға зиянды шығарындылар көлемін азайтады және көптеген автокөлік иелері жолға кететін уақытын үнемдейді деп мәлімдейді.

Алматы облысы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: