Мектеп 1991 жылы салынған. 32 жыл ішінде оқу орнында тек бір рет жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Мекеме директоры ғимараттың материалдық базасы ескіргенін, ал жөндеу жұмыстары тек екі жылдан кейінгі уақытқа жоспарланғанын айтады.
"Біздің ғимараттың жағдайы өте нашар, әсіресе спорт және акт залдары, сол қанаттағы бірнеше кабинеттің жағдайы мәз емес. Мұның бәрі сапасыз шатыр жабындысына байланысты. Мен бұл мектепте директор болғаныма 5 жыл болды. Осы уақыт ішінде біз мектебімізді жөндеумен келеміз, 4 жыл қалыпты жағдайда тұрды, тек өткен жылы наурызда дауыл ғимараттың шатырын жұлып әкетті. Содан бастап жаңбыр жауса болды, әр жерден су сорғалайды да тұрады", - деді Zakon.kz тілшісіне Мәншүк Мәметова атындағы орта мектептің директоры Раушан Мейірбекова.
Бүгінгі таңда мектепте екі ауысымда 515 бала оқиды, 70 мұғалім жұмыс істейді. Ата-аналар мен мұғалімдер ғимарат кез келген уақытта құлауы мүмкін деп қауіптенеді және ғимаратты жөндеу тек 2025 жылға жоспарланған. Қазір әкімдікпен тек жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп қойған.
"Қазір ата-аналар маған 1 қыркүйекте балаларды мектепке жібермейтінін, ереуілге шығатындарын жазып жатыр. Өйткені олар балаларының мынандай жағдайда білім алуына наразы. Екі жыл бұрын тексерушілер келіп, спорт залды апатты деп таныған, бірақ ешқашан әрекет болған жоқ. Өйткені біздің мектебімізге небәрі 32 жыл болыпты, ал жөндеуге жататын бізден де ескі ғимараттар бар көрінеді", - дейді Мейірбекова.
Мектеп директоры Жетісу облысының билігі оқу орнының проблемаларына назар аударып, ғимаратты шұғыл жөндеуге қаражат бөлетініне сенім білдіреді.