Алматы қаласы Мәслихатының кезектен тыс VII сессиясында депутат, қоғам қайраткері, эколог Тимур Елеусізов "автобустар зираты" мәселесін көтерді.
"Біз жалпы ұзақ жылдар бойы әкімдікті жолаушы тасымалын субсидиялауын қолдап келдік, себебі оның бәрі шығын. Бірақ қазір әлеуметтік желіде 600 автобус пен 100 троллейбус жайлы "автобус зираты" мәселесі көтеріліп жатыр. 600 автобус не үшін жұмыс істемейді, неге олардың бөлшегі сатып алынып ары қарай қолданысқа енбей жатыр", деп депутат ортаға сауал тастады.
Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев бұл тұрақта 823 автобус барын, оның 651-ін сенімді басқару негізінде "Green Bus" ЖШС пайдаланып келгенін айтты.
"Бұл автобустар 2010-2013 жылдары шығарылған. Қазір оларды тозығы жеткендіктен жөндеу мүмкін емес. Ал қалған 157 автобусты Алматы облысының балансына бердік. Жалпы саны 15 болатын 18 метрлік ЛиАЗ автобустары тұрақта тұр. Қазір олардың бөлшектері сатып алынуда және де биыл бұл 15 автобусты жөндеуді жоспарлап отырмыз". Сағындық Телібаев
Шілде айында әлеуметтік желі қолданушылары Алматы тұрғыны жариялаған фотосуреттерге қарап, өз наразылықтарын білдірген болатын. Суретте қала маңындағы автотұрақта жасыл қалалық автобустар күннің астында қаңсып, тот басып жатқаны бейнеленген.