Президент АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өтетінін мәлімдеді

Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында АЭС салу мәселесіне қатысты түпкілікті шешім референдум арқылы қабылданатынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президент өз сөзінде атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналғанын алға тартты.

"Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшылар ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды", –  деді ол.

Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады.

"Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем".Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе екенін айта келіп, сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санайтынын жеткізді.

"Нақты мерзімін кейін анықтаймыз", – деді Президент референдум мерзімі жөнінде.

Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: