Көрмеге аграрлық сала бойынша ет, құс, сүт және балық өнімдерін өңдеу кәсіпорындарының, сондай-ақ шырын, сусын өндірушілердің, көкөніс және жеміс өңдеушілердің тауарлары қойылды, делінген Ақорда хабарламасында.
Мемлекет басшысы шаруалармен әңгімелесу барысында өңірдің климаттық жағдайы мен мегаполиске жақын орналасуы бұл салаға инвесторлар тартуға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.
Президенттің айтуынша, өңірде ерекше бағыт – түйе шаруашылығы қарқынды дамып келеді және аталған сала экспорт үшін зор әлеуетке ие.
"Ауыл шаруашылығы өндірісіне жаңа технологияларды енгізу, экологиялық таза өнім шығару маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сурет: akorda.kz
Сонымен қатар Президентке отандық құрылыс материалдарының көптеген түрі көрсетілді. Қазақстанда өнеркәсіптік және азаматтық нысандар құрылысының толық циклін қамтамасыз ететін тауарлар өндіріледі. Атап айтқанда, көлденең желімделген ағаш, құрама темірбетон және бетон құрылғылары, автоклавты газоблоктар, талшықты цемент плиталары мен шыны мақта, құрғақ құрылыс қоспалары мен әрлеу материалдары, бояулар мен жабындылар, алюминий профильдері, панельдер, диодты шамдар, есік тұтқалары және басқа да өнімдер шығарылады.
Мемлекет басшысы құрылыс саласының жай-күйі туралы айта келе, аталған саланы экономиканы дамытудың қозғаушы күші ретінде атап өтті.
"Қазір құрылыс саласы бойынша өңірдің алдында ауқымды міндеттер тұр. Атап айтқанда, облыс орталығының құрылысы және G4 City жобасы. Бұл жұмыста жергілікті өнім өндірушілердің құрылыс материалдарының әлеуетін барынша пайдалану маңызды. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қолдайды. Бұл туралы мен өз Жолдауымда нақты айттым", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сурет: akorda.kz
Көрмеге 20-дан астам қазақстандық тауар өндірушілердің, соның ішінде "Шин-Лайн" ЖШС, Dinara Group агрохолдингі, "Дәулет-Бекет" ЖШС, "ПК Алтын Таға" ЖШС, "Фирма-Бент" ЖШС, "Кнауф Гипс Қапшағай" ЖШС және басқа да ірі компаниялардың өнімдері қойылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы облысына келді. Сапар барысында Президент "Батыл тойтарыс – 2023" әскери оқу-жаттығуларына қатысып, бірқатар нысанды аралады. Президент Алматы облысында соңғы рет 2022 жылдың қазан айында болған.