Өңірдегі жекеменшік мектепте оқитын 10 мыңнан астам оқушы тегін тамақтан қағылған екен. Сонымен қатар оқу жылы қарсаңында көмек ретінде берілетін 40 мың теңгенің де бір тиыны қарашының қолына тимеген. Ата-аналар жеке мектепке балаларымызды ақшамыз асып-тасығаннан емес, мемлекеттік мектептің болмауынан бердік дейді. Ашуланған ата-аналар облыстық әкімдік алдында айқаға басты. Олар өңірдің жаңа басшысымен кездеспекші болған. Бірақ Ербол Қарашөкеев келмегесін, жиналғандар әкімнің кабинетіне басып кірді, деп хабарлайды КТК.
"Қазақстандағы барлық балалардың құқығы бірдей. Сондықтан білім министрі рұқсат берді ме, жекеменшік мектеп ашуға, демек барлық мемлекеттік мектептердің құқығымен бірдей қылып беру керек. Тамақты да, кітапты да, басқасын да. Сонда бұл жекеменшік мектепте оқып жатқан балалар Қазақстанға жатпайтын балалар ма? Білмеймін, түсінбей тұрмын".Нұрбибі Молдашова
Әкімдіктегі шенеуніктерден бастап құзырлы органдарға дейін аяғынан тік тұрғызған ата-аналар су жаңа әкімді де жұмсақ креслосынан тұрғызбай қоймады. Аймақ басшысы жиналғандарды залға кіргізіп, арыздарын министрлікке жеткізетінін айтты.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
- Қазіргі таңда бұл мәселе ашық. Министрлік айналысып жатыр.
"Енді бұларды министрлікке қарауын ұсынып жатырмыз. Жақын күндері қаралады. Сөйтіп жекеменшік мектептерді қосайын деп отырмыз. Сол өзгерісті күтіп отырмыз". Жамбыл облысы білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек
Сосын жаңа әкім ертең дауы басылмайтын, мәселесі таусылмайтын ауданға өзі барып, мәселені май шаммен қараймын деп басу айтқандай болды.
"Министрлікпен, қазір министрмен сөйлесіп, сіздердің проблемаларыңды жеткіземін. Ол жағынан күмән болмасын. Мен шағынауданды өз аяғымен жүріп аралаймын. Уайымдамаңыз. Кездесуде тек Жамбылда ғана емес, барлық өңір бойынша жеке мектептерде ақылы тамақтанып жүрген оқушылар жайында да сөз болды". Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев
Шенеуніктер бұл мәселе жақын арада Мәжіліс мінберінде көтерілетінін айтып қалды. Егер ұсыныс қабылданса, жаңа заңға өзгерістер еніп қалуы бек мүмкін. Ал мектепке жарымаған Ұлы дала ауданында қазір төрт мектептің құрылысы жүріп жатыр. Қараша айында 1200 балаға арналған су жаңа ағарту ошағы мерзімінен бұрын пайдалануға берілмек.