Мәдениет министрлігінің жаңа басшысы мектептерде хиджаб кию мәселесіне көзқарасын білдірді

Қазақстан Республикасының жаңа мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мектептерде хиджаб пен өзге де діни киім киюге қатысты мәселеге пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Аида Балаева Facebook парақшасында қазір әлеуметтік желіде мектептерде хиджаб кию мәселесіне қатысты талқы жүріп жатқанын атап өтті. Ол бұл мәселені заң аясында шешу керек екенін алға тартты.

"Атазаңымызға сәйкес Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінген. Сөз жоқ, мемлекет дін бостандығына кепілдік береді. Бірақ біз – зайырлы елміз. Сол үшін де мемлекеттік саясаттың барлық мәселелері діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен реттеледі. Құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейді".Аида Балаева

Министр Конституциямыз бойынша мектептің міндеті – ел азаматтарына сапалы білім беруге кепілдік беру және оны қамтамасыз ету екенін баса айтты.

"Сондықтан да мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек. Содан кейін барып, ер жете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп ойлаймын", – деп түйіндепті ойын министр.

Аида Балаева 2 қыркүйектен бері Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі қызметін атқарып келеді.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: