Шымкентте дүкенге ұрлыққа түскен күдікті ұсталды

Шымкенттегі базарлардың бірінде орналасқан мобильді аксессуарлар дүкенінің иесі ұрлық туралы полицияға арызданды. Жұмыс орнына келген кәсіпкер бұзылған құлыпты, кассадағы қолма-қол ақша мен бағалы құлаққаптардың ұрланғанын көрген, деп хабарлайды Zakon.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Келтірілген шығын көлемі 600 мың теңгеге жуық екені анықталды.

әл-Фараби аудандық полиция департаментінің қызметкерлері аталған дерекке ұқсас тағы екі арыз тіркеді. Зардап шеккендер – бір базарда орналасқан азық-түлік дүкені мен зергерлік бұйымдар дүкенінің сатушылары. Екі жағдайда да бейтаныс біреу кассаны тонап, зергерлік бұйымдарды қолды еткен.

Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері ұрлық жасаған адамды іздеуге кірісті. Бейнебақылау камераларына бетперде, көзілдірік және бас киім киіп жүзін тұмшалаған жас жігіт түсіп қалған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде базар ұрысы 24 сағаттың ішінде ұсталды.


Бір құлаққапты өзіне қалдырып, қалғанын сатып жіберген. Ол кассадан ұрланған қолма-қол ақшаны жеке қажетіне жұмсаған. Жігіт тек әйелдердің зергерлік бұйымдарын сата алмаған, өйткені олар таза күмістен емес болып шықты.

Қазіргі таңда полицейлер Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Тергеу шаралары аяқталғаннан кейін ұсталған адамға қатысты процессуалдық шешім қабылданады.

Шымкент
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: