Дәулет Мұқаев Астана маңында тұрғындар кәріз тазарту станциясының зардабын тартып жатқанын айтты

Бірмандатты округ бойынша сайланған мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев "Үркер" шағынауданының жолдары мен экологиясының жай-күйі туралы премьер-министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдады.

Депутаттың сөзінше, Астана еліміздің бас қаласы болғанына 25 жыл болғанын, Елордамыз күннен күнге көркейіп жатқанын жарыса айтамыз. Бірақ қала маңындағы шағын аудандардың мәселесі шаш етектен екенін ұмытамыз. Соның бірі - Үркерде кәріз тазарту станциясының (КОС) салынуы.

"Осы уақытқа дейін "Астана Су Арнасына" қарасты қалалық кәріз тазарту станциясының зардабын сол Үркерліктер тартып келеді. Жаз болса үйге қамалып, таза ауадан тарылған елдің алды бүгінде ауыра бастаған. Тұрғылықты халық арасында астма, онкологиялық аурулар өрши түскен. Бір кәріз тазарту станциясынан құтыла алмай жүргенде 2016 жылы қабылданған шешім бойынша тағы 2 кәріз тазарту станциясы салынатынын естіген жұрт наразы. Халық санының өсуіне байланысты жалғыз кәріз тазарту станциясының қауқары жетпейтіні түсінікті. Ел оның салынуына емес, тұрғын үй алқаптары маңына жақын салынуына қарсы. Құжаттамаға сүйенсек, нысан Қорғалжын трассасының бойында, "Карамель" ТҰК қарама-қарсы жерге салынады. Тұрғындардан небәрі 2 791 метр немесе 3 км қашықтық қана ұзақ", - деді депутат.

Мұқаевтың айтуынша, КОС2 қала халқы демалатын жасыл желектен бес қадамдық жерде, халқымыздың тарихи-мәдени мұрасы болып саналатын Бозоқ қаласының аспан асты музейіне жақын орналаспақ. Ал халық мұндай маңызды нысандар қала маңынан тыс аумаққа, кемі 50 км алшақтыққа салынса дейді. Бұл нысандарды салуда жергілікті халықтың пікірі мен рұқсаты негізге алынбаған, қоғамдық тыңдау ұйымдастырылмаған. Бүгінде петиция жариялап, көбі өзінің қарсы екенін көрсетіп отыр. БАҚ құралдарына да ақпараттар жариялап, тұрғындар талап-тілегін бірнеше рет жеткізген. Одан да еш нәтиже болмаған.

Депутат халықтың талап-тілегін ескере отырып мына ұсыныстарды жолдады:

1. "Астана СУ Арнасы" жұмыс істейтін объектіге қоғамның қатысуымен апта ішінде тәуліктің әртүрлі уақытында (түнде де) ауа сынамасын алу үшін экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу қажет. Нәтижелерді бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау және қажетті шараларды қабылдау керек;

2. Кәріз тазалау станциясы аймағында тұратын астаналықтардың қауіпсіз және жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету; атмосфераға SAP ENS EC зиянды заттардың шығарындылары мен төгінділерінің электрондық дисплейі бар шығарындылар көзінде автоматтандырылған бақылау жүйелерін орнату; Алдағы уақытта барлық Кәріз тазалау станциясы сүзгілерін жаңа сүзгілерге ауыстыру;

3. Астана қаласының Бас жоспарынан Астана қаласынан тыс Ақмола облысына дейін, қала шекарасынан 50 шақырымнан астам қашықтықтағы Кәріз тазалау станциясы құрылысы алынып тасталсын;

4. 2023-2024 жылдары Үркер, Комсомольский, Жағалау шағын аудандарын, Тұран даңғылы бойында, Қорғалжын тас жолы, Айтматов көшесі, Қараөткел бойында орналасқан тұрғын үй кешендерін қалың көгалдандыру жұмыстарын қолға алу.

Қазақстан Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: